АРҚАНЫҢ АЙТЫСКЕР АҚЫНЫ – АМАНЖОЛ ӘЛТАЕВ


Қарағанды техникалық университеті, Қазақ тілі және мәдениеті кафедра оқытушыларының ұйымдастыруымен 2021 жылдың 03 қарашасында республикалық  деңгейде  Арқаның айтыскер ақыны, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор  Әлтаев Аманжол Дүйсенбайұлының шығармашылығына арналған кездесу  өтті.  Кездесуге университеттің оқытушылары, магистранттары және студенттері қатысып, айтыскер ақынның шығармашылығымен жақын танысуға мол мүмкіндік алды.

Өзінің құттықтау сөзінде Университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Марат Кеңесұлы Ибатов Аманжол Дүйсенбайұлын   халық ойы жүйрік, танымы жоғары, мінезі көркем өнер иесі деп таниды және ол кешегі Біржан сал мен Ақан серінің, Сүйінбай мен Жамбылдың ізбасары қандай болу керектігін келер ұрпаққа насихаттап, өмірлік жолымен көрсетіп келе жатқанын атап өтті.

Қонақтар Аманжол Әлтаев  әмбебап,  ұлт ұғымындағы сегіз қырлы, бір сырлы азамат және рухани дамуымызды, әсіресе, айтыс өнерінің қайта туындап, өркендеп, кемелденуіне өлшеусіз үлес қосқан өнерпаз, сазгерлік өнердің тізгінін ұстаған өнер иесі екені туралы айтты.

Сонымен қатар, ол сыршыл ақын. Ұлт тарихындағы поэзияның даму жолын саралап, өз шығармашылығы арқылы жаңа уақыт аясында тәуелсіздікке үн қоса алған талантты шайыр.

Осы қасиеттерден бөлек ол ұлағатты педагог. Дәрісімен еліміздің жетекші университеттерінде шәкірттерін сусындатқан, оларға өмірімен де, өнерімен де үлгі болған ізбасарлар тәрбиелеген ірі ұстаз, көрнекті ғалым.  Сөзімізге дәлел ХІХ – ғасырдағы Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысының бас батыры –  Ақжолтай Ағыбай аруағын тірілтіп, ғылыми еңбек жазған, сондай-ақ қазақ балалар поэзиясын егжей-тегжейлі зерттеген оқымысты, әрі санасы сара, табиғаты таза, адамзат баласына тек қана жақсылық тілейтін шынайы азамат, тұлға. Осы сөздерімізге дәлел ретінде шығармашылық кеш қонақтары ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлы,  халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қазақ ақындары жыр мүшәйраларының бірнеше мәрте жеңімпазы, «Ақшам жұлдызы» арнайы сыйлығының, Ресей Халықаралық жазушылар ұйымының С.Есенин атындағы Алтын медалінің, «Құрмет» орденінің иегері                             Ғалым Жайлыбай және айтыскер ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор  Қойлыбай Асанов, Қазақстан жазушылар Одағының Қарағанды облысы бөлімшесінің төрағасы Жанат Жаңқашұлы ой бөлісіп, шараның көркін аша түсті.

Қали Байжанов атындағы концерт бірлестігі, «Арай» ансамблінің көркемдік жетекшісі, Кенен Әзірбаев, Әміре Қашаубаев атындағы республикалық ән байқауларының, «Шабыт» халықаралық фестивалінің жүлдегері, Ж. Елебеков атындағы республикалық екінші ән байқауының Гран-при иегері Дәуренбек Әркенов ақынның сөзіне жазылған әндерін орындады.

Қайраткер ақын Аманжол Әлтай шығармашылық кездесу іс-шарасына қатысқан қонақтар мен студенттерге ыстық лебізін білдірді. Кездесу соңында ҚарТУ ұжымы ақынға шығармашылық табыс тіледі.

Без рубрики