Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-да Әлімхан Ермеков атындағы стипендия тағайындау ережесі бекітілді


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Ғылыми кеңесінің шешімімен Әлімхан Ермеков атындағы стипендияны 2023-2024 оқу жылына тағайындау ережесі бекітілді

 

Аталған стипендия саяси қуғын-сүргін құрбандарын, оның ішінде Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күресте батылдық көрсеткендерді мәңгі есте сақтау мақсатында 2021 жылғы 16 сәуірде ЖОО базасында өткен «Әлімхан Ермеков және қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы» халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференциясының қарары негізінде құрылды.

Стипендия қоғамдық-саяси, оқу (GPA кемінде 3,0) және ғылыми-зерттеу қызметінде елеулі жетістіктері бар, тегін білім беру гранты негізінде де, ақылы негізде де оқитын күндізгі оқу нысанындағы Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дың 2-4 (5) курс студенттеріне тағайындалады.

Стипендияны тағайындау Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ Басқарма Төрағасы – Ректордың бұйрығымен Ректорлық стипендияларды тағайындау жөніндегі комиссияның және ЖОО Ғылыми кеңесінің шешімі негізінде жүзеге асырылады. Стипендияға үміткерлер Комиссияға жеке жетістіктер портфолиосын ұсынуы керек. Портфолиоға факультет ұсынымдарының түпнұсқалары, оқытудың барлық кезеңіндегі транскрипт, сондай-ақ грамоталардың, дипломдардың, алғыс хаттардың, сертификаттардың, ғылыми жарияланымдардың көшірмелері және үміткерлердің жетістіктерін растайтын басқа да құжаттар кіруі тиіс.

Комиссия әрбір үміткерді өлшемшартқа сәйкес бағалайды. Орындалған жұмыстар (халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық, жоғары оқу орындарының іс-шараларына қатысу және ұйымдастыру), марапаттар 5-тен 15 балға дейін бағаланады. Стипендия оқу семестріне тағайындалады. Стипендия мөлшері — 41 898 теңге. Стипендия бір адамға бірнеше рет берілуі мүмкін.

Стипендия оқу семестрі ішінде университеттің бюджеттен тыс қаражаттан төленеді.

Без рубрики