Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенттері мен ғалымдары Санкт-Петербург тау-кен университетінде халықаралық форум жұмысына қатысты


ЮНЕСКО қамқорлығымен тау-кен біліміндегі Халықаралық құзыреттілік орталығының Қазақстандық бөлімшесі жұмыс істейтін Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенттері мен ғалымдарының үлкен делегациясы «Табиғатты пайдалану және дүниежүзілік табиғи мұраны сақтау» Халықаралық форумының жұмысына қатысты.

Форум Санкт-Петербург тау-кен университеті базасында ЮНЕСКО қамқорлығымен тау-кен біліміндегі Халықаралық құзыреттілік орталығында өтті және Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияның 50 жылдығына арналды.

Форумды Санкт-Петербург тау-кен университетінің ректоры, ЮНЕСКО қамқорлығымен тау-кен біліміндегі Халықаралық құзыреттілік орталығының Басқарушылар кеңесінің төрағасы В.С. Литвиненко ашты. Ол залда тек қалыптасқан мамандар ғана емес, сонымен қатар өз өмірін жер қойнауымен жұмыс істеуге арнауға дайындалып жатқан студент жастардың жиналғаны қуантатынын атап өтті.

Секциялық отырыстар барысында делегаттар «Жер қойнауын пайдалану кезіндегі мүдделер теңгерімін қамтамасыз етудегі мемлекеттік саясат», «Тұрақты даму контекстіндегі табиғатты пайдалану», «Жер асты сулары бірегей табиғи байлық ретінде» және басқа да бірқатар мәселелерді талқылады.

Осы форум аясында университетіміздің студенттері Халықаралық қысқы мектепте «Цифрлық тау-кен өндірісі», «Мұнай-газ ұңғымаларын бұрғылаудың заманауи технологиялары», «Мұнай-газ геологиясы», «Энергия тиімділігі және тұрақты энергетика», «AR технологияларын пайдалана отырып қосымшаларды әзірлеу негіздері», «Энергия тасымалдағыштарды қайта өңдеудің химиялық технологиясы» бағыттары бойынша оқудан өтті.

Форум қорытындысы бойынша мәдени және табиғи мұра объектілерін сақтау контекстінде табиғатты пайдалану қағидаттары бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында халықаралық сараптама тобын құру қажеттілігі туралы декларация әзірленді.

Без рубрики