Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Баян жұлдыздары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік дөңгелік үстел өтті


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Қазақстан тарихы» кафедрасының ұйымдастыруымен әйгілі ғалым Қаныш Сатбаевтың 125 жылдығы, Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жылдығы, қазақ кино өнерінің негізін қалаушы Шәкен Аймановтың 110 жылдығы және ғалым Әлкей Марғұланның 120 жылдығы аясында ғалымдар, тарихшылар және студенттер бас қосқан аймақтық дөңгелек үстел өтті.

Айтулы шарада т.ғ.к., доцент Касимова Сауле Сүйіндікқызы Баянауылдан шыққан қазақтың игілігі үшін елеусіз еңбек еткен азаматтардың өмір жолдары, ғылыми еңбектері жайында сөз қозғады.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университеті «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры Махат Данагүл Ахметкәрімқызы видео-байланысқа шығып, «Ғалым Әлкей Марғұланның эпистолярлық мұрасы» атты баяндамасымен таныстырды.

Т.д.ғ., доцент, академик Е. Бөкетов атындағы ҚарУ-дың тарих факультетінің деканы Жұмабеков Ж.А «Қаныш Сәтбаев – ұлы ғалым, ұлт тарихының қамқоршысы» атты баяндамасын оқыды. Қазақ киносының саңлағы Шәкен Аймановтың шығармашылық мұрасы жайында Қарағанды «Болашақ» академиясының доценті Қасенов Е қатысушылармен еркін әңгіме түрінде өткізді. Павлодар қаласындағы Марғұлан университеті, Марғұлантану оқу-зерттеу кешенінің жетекшісі, тарих магистрі Абеуова Е.Қ- Қ.Сәтбаев пен Әлкей Марғұлан – тарихи тау тұлғалардың ғылым жолындағы қарым-қатынасына шолу жасады.

Т.ғ.к., доцент, Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ ардагері –Сүлейменова М.Ж тарихты тұлғалар жайында сыр шертетін өнегелік өсиетін қатысушы студенттерге жеткізді.

Баянауыл мемориалдық музейінің бұқаралық жұмыстар маманы Сапарғалиев С.C қатысушылармен онлайн байланыс арқылы Қ.Сатбаевтың Баянауыл мемориалдық музейіне экскурсия жасады.

Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ «Қазақ тілі мен мәдениеті» кафедрасының меңгерушісі міндетін атқарушы, ф.ғ.к., доцент Хамзина Қ.М. — Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылық жолына тоқталып өтті.

Шарада г.ғ.м., аға оқытушы Темиржанова Ш.М Баянауылдан шыққан зиялы қауымның құрметтеріне берілген мәдени ошақтар, ескерткіштер жайында баяндады.

Республикалық дөңгелек үстелге қатысушы студенттер өлең оқып, күй тартты.

Қонақтардың білімділігі мен студенттердің ынтасының арқасында кездесу жоғары деңгейде өтті. Түйін сөзді «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доценті Темирғалиев Құдайберген Абайұлы сөйлеп, қатысушыларға кафедра атынан алғыс хаттар табыстады.

Без рубрики