ҚарТУ-де Қаржы мониторингі агенттігі өкілдерімен кездесуі өтті


Қаржы мониторингі агенттігі Қарағанды техникалық университетінің IT-бағыттары бойынша оқитын перспективті студенттерімен кездесті. Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттерді жұмысқа орналастыру мәселелерін қарастыру және Департаменттің бос жұмыс орындарын толтыруға қатысты ақпарат беру болды.

Кездесуге 2026 жылы оқуын аяқтайтын 4 курс студенттері қатысты. Білім бағыттары: «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Ақпараттық жүйелер», «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері», «IT-медицина». Арнайы назар университеттің қоғамдық және шығармашылық өміріне белсенді қатысқан, сондай-ақ цифрландыру, робототехника, стартаптар мен шет тілдері бойынша жобаларға қатысқан студенттерге аударылды.

Кездесуді академиялық мәселелер жөніндегі проректор Б.Р. Нүсіпбеков ашты. Шараға Экономикалық тергеу департаментінің жетекші мамандары: Жедел басқарма басшысы Д.М. Шакипов, басқарма басшысының орынбасары Д.К. Аубакиров, кадр бөлімі меңгерушісі Е.Е. Ериков және техникалық іс-шаралар бөлімінің жетекшісі М. Райымхан қатысты.

Университет атынан Кәсіби бағдар беру және жұмысқа орналастыру орталығының жетекшісі Г.А. Тусупова сөз сөйледі. Кездесу іскерлік атмосферада өтті және университет пен Қарағанды облысы Экономикалық тергеу департаменті арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадамға айналды.

 

Без рубрики