ҚарМТУ-дағы Конфуций Институтында «Көктем мерекесі» өтті


2018 жылдың 15 ақпаны күні ҚарМТУ-дың 1-корпусында университет жанындағы Конфуций Институтының ұйымдастыруымен Көктем мерекесіне арналған мәдени іс-шара өтті.
Қытай Жаңа Жылы саналатын, қытайша айтқанда «Чуньцзе» (Көктем мерекесі) деп аталатын бұл мейрам – Қытай елінің ең сүйікті мерекесі болып табылады. Сондықтан да болар Аспан асты елінің халқы оны асыға күтіп, он бес күн бойы ерекше атап өтеді.
Дәстүрге сай жаңа жылдың алғашқы күні жастар қарияларды құттықтап барады, ал өз кезегінде аға ұрпақ өрендерді ақшалай сый-сияпат беріп шығарып салады. Ежелгі қытай ырымы бойынша ақшалай сыйлық беру үйден бәле-жаланы, ауру-сырқауды, жалпы жамандық атаулыны жоқ қылады екен.
Жаңа жыл қарсаңында Қытай елінің тұрғындары үйдің кіре беріс есігіне түрлі жақсы тілектер жазылған ұзын, қос жолақ қызыл қағаз іліп қояды. Бұл қағаздар «Чунлянь» деп аталады. «Чунляньда» жазылған тілектер ықшам болса да, терең мағынаға ие боп келеді. Халықтың сенімі бойынша бұл қағаздардағы тілектер әрбір үйге жақсылық шақырады екен. Сондай-ақ қытайлықтар бұл мейрамда елде қасиетті саналатын жануарлар мен өсімдіктер бейнесін, яғни, қос балықтың, екі тиіннің, дельфиндер мен гүлдердің кескіндерін қағаздан қиып, үйдің терезесінің әйнегіне жабыстырып қояды екен. Олар үшін бұл бейнелер ілінген үйге бақыт құсы қонып, үй-іші әрдайым амандық пен саулықта, берекелі-бейбіт өмір сүреді екен.
Университетте өткен мерекелік шараға Конфуций Институтының директоры, ҚарМТУ профессоры Татьяна Силиньевна Филиппова және Қытай елінен келген оқытушы Мао Юньюнь қатысып, институтқа тіл үйренуге келетін білім алушылар мен ҚарМТУ студенттеріне арналған бұл мерекені жыл сайын ұйымдастыратынын айтты. Жастар арасында өзге елдің мәдениетін, тілін танып-білуге деген құштарлықтың артып келе жатқанын байқағанын жеткізді.
Конфуций Институтының оқытушысы Ню Вэньцзань келген қонақтарға мереке туралы әңгімелей отырып, қызыл қағаз жолақтарына тілектер жазып берді. Ал студенттер оларды әйнектерге іліп, өздері де қағаздан түрлі жан-жануарлар мен өсімдіктердің кескінін қиып көрді. Сондай-ақ Ню Вэньцзань жастарға әдемі тілектер жазылған қағаздарды тарту етті.
Мұндай мәдени шаралар студенттердің өзге елдің мәдениеті мен тарихын танып-білуге деген ізденісін арттырып, дүниетанымын кеңейтуге себепкер болады. Жыл сайын дәстүрлі түрде ҚарМТУ-да ұйымдастырылатын Көктем мерекесі оқытушыларға да, студенттер қауымына да өте ұнайды.

Без рубрики