Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті мен «Кәусар» оқушылар сарайы» КММ мектеп оқушыларына ерте инженерлік және техникалық кәсіптік бағдар беруді дамытуға, сондай-ақ нақты ғылымдар мен заманауи технологияларға тұрақты қызығушылық қалыптастыруға бағытталған ынтымақтастық туралы келісімшартқа отырды.
Келісімшартқа университеттің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бекболат Нүсіпбеков және «Кәусар» оқушылары сарайының директоры Айгерім Исбекова қол қойды.
Аталған құжат қосымша білім беру саласында желілік өзара іс-қимылды дамытуды көздейді және бірлескен іс-шаралар мен жобалардың кең ауқымын қамтиды. Ынтымақтастық шеңберінде инженерлік сыныптар, IT-мектептер, робототехника зертханалары мен 3D-модельдеу студияларын құру, сондай-ақ оқушыларды VR-архитектура, веб-дизайн және бағдарламалау бағыттары бойынша оқыту жоспарлануда.
Сондай-ақ кәсіптік бағдар беру жұмысына ерекше мән беріледі. Атап айтқанда, университеттің ғылыми-зерттеу зертханаларына, технопарктері мен инновациялық кластерлеріне экскурсиялар ұйымдастыру, ашық есік күндерін өткізу, жетекші оқытушылармен, магистранттармен және докторанттармен кездесулер, семинарлар ұйымдастыру көзделген. Оқушылар инженерлік-техникалық олимпиадаларға, ғылыми жобалар байқауларына және көрмелерге қатысып, университет оқытушыларының жетекшілігімен жеке жобаларын іске асыру мүмкіндігіне ие болады.
Өз кезегінде Қарағанды техникалық университеті сараптамалық және әдістемелік қолдау көрсетіп, заманауи материалдық-техникалық базаға (3D-принтерлерге, сандық бағдарламалық басқаруы бар станоктарға, өлшеу құралдарына) қолжетімділік ұсынады, сондай-ақ білім алушылардың тәлімгерлігі мен кәсіпалды даярлығын жүзеге асыруға қатысып, мектеп оқушыларының зерттеу жұмыстарының нәтижелерін жариялауға жәрдемдеседі.
Меморандум мектеп және жоғары білім беру жүйелері арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал етіп, цифрлық және технологиялық трансформация жағдайында сұранысқа ие болашақ инженерлерді, IT-мамандарды және зерттеушілерді даярлауға мүмкіндік береді.





