2025 жылғы 12 желтоқсанда QarTech өңірлік инновациялық-индустриялық хабы «Maker» ЖШС-мен бірлесіп ұйымдастырған ғылыми-техникалық сессия (хакатон) жұмысын аяқтады. Іс-шара Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің базасында өтті және құю және машина жасау өндірісі үшін инженерлік шешімдерді әзірлеуге, технологиялық процестерді цифрландыру мәселелеріне, сондай-ақ заманауи материалдар мен аддитивті технологияларды қолдануға арналды.
Екі күн бойы қатысушы командалар кәсіпорынның нақты өндірістік міндеттері негізінде құрылған үш қолданбалы кейс бойынша жұмыс істеді.
Хакатонның бірінші күнінде қатысушылар «Maker» ЖШС өндірістік алаңына барып, технологиялық циклмен, қолданылатын жабдықтармен және негізгі өндірістік сын-қатерлермен танысты.
Ашылу салтанатында Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ Басқарма мүшесі – Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Али Мехтиев кіріспе сөз сөйлеп, университет пен өнеркәсіптің өзара іс-қимылының тәжірибеге бағдарланған форматтарының маңыздылығын атап өтіп, командаларға нәтижелі жұмыс және ұсынылған әзірлемелерді табысты іске асыруды тіледі.
Әрі қарай командалар қарқынды жобалық жұмысқа кірісті. Екінші күні жобаларды қорғау бойынша питч-сессиясы өтті, оның шеңберінде қатысушылар өз шешімдерін сарапшы қазылар алқасына ұсынды. Оның құрамына Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының, «Maker» ЖШС, «Пархоменко атындағы ҚМЗ» ЖШС және Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ өкілдері кірді.
Ұсынылған шешімдерді бағалау қорытындысы бойынша қазылар алқасы жобалары инженерлік пысықтаудың, инновациялылықтың және практикалық енгізуге дайындықтың жоғары деңгейін көрсеткен үш жеңімпаз команданы анықтады. Жүлдегер командалардың әрқайсысы QarTech хабынан 700 000 теңге номиналды сертификатпен марапатталды.
«Maker» ЖШС бас технологының орынбасары Шералы Бекболатов қатысушылардың жоғары дайындық деңгейін атап өтіп, ұйымдастырушыларға өңір кәсіпорындарының өзекті өндірістік және технологиялық міндеттерін шешуге бағытталған іс-шараны өткізгені үшін алғысын білдірді.
Хакатон соңында ұйымдастырушылар серіктестерге, қазылар алқасының сарапшыларына және іс-шараның модераторына алғыс хаттарын табыстап, алғыстарын білдірді. Барлық қатысушылар қатысу туралы сертификаттар алды.
Өткізілген хакатон тәжірибеге бағдарланған инженерлік бастамалардың қажеттілігін және бірлескен жобалық сессиялар форматының тиімділігін растады. QarTech қатысушылардың технологиялық құзыреттерін дамытуды және нақты өндірістік процестерге инновациялық шешімдерді енгізу үшін жағдай жасай отырып, Қарағанды өңірінің өнеркәсіптік кәсіпорындарымен ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастырады.
#QarTech #QarTechHub



















