Saginov Technical University CUHK жетекші ғалымдарымен бірге жасанды интеллект бойынша халықаралық вебинар өткізді


26 қарашада Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде QS World University Rankings 2027 рейтингінде әлем бойынша 18-орында тұрған Гонконг Қытай университетінің (CUHK) жетекші ғалымдарының қатысуымен «Жасанды интеллект дәуіріндегі жоғары білімге жаңаша көзқарас: оқыту мен білім берудегі инновациялар және болашақ бағдарлар» тақырыбында халықаралық вебинар өтті. Іс-шара барысында жоғары білім беруде жасанды интеллектіні қолдану перспективалары, университеттерді цифрландыру, мамандар даярлаудың инновациялық тәсілдері және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Вебинардың негізгі баяндамашысы – Стэнфорд университетінің рейтингі бойынша әлемдегі үздік 2% ғалымның қатарына кіретін профессор Кам Фай Вонг (Kam Fai Wong, MH). Ол – Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесінің XIV шақырылымдағы Ұлттық комитетінің мүшесі, ҚХР Білім министрлігінің жоғары сенімді бағдарламалық технологиялар жөніндегі негізгі зертханасының CUHK университетіндегі бөлімшесінің директоры. Ғалым «AI + Education» тақырыбында баяндама жасады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те жасанды интеллект саласында профессордың ғылыми зерттеулеріне бірнеше рет сілтеме жасаған. Халықаралық вебинар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің шетелдік ғалымдарды шақыру бағдарламасы аясында Saginov Technical University-де академиялық сапармен жүрген CUHK профессоры Фан Синг Хунгтың (Fan-sing Hung) қолдауымен ұйымдастырылды.

Сонымен қатар вебинарда Қытай халық университетінің профессоры, Массачусетс технологиялық институтының (MIT) шақырылған зерттеушісі Цзинь Лю, профессор Амир Мосави, доктор Брендан Дюпре және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Цифрландыру және инновациялар институтының директоры Мұрат Қожанов баяндама жасады.

Халықаралық вебинар Қазақстан, Қытай, Әзербайжан, Венгрия және өзге де елдердің академиялық қауымдастық өкілдерін біріктірді. Іс-шараға онлайн форматта Әзербайжан техникалық университетінің, Обуда университетінің, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің, Margulan University, Open University of Kyzylorda, Нархоз университетінің, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің және басқа да отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ Saginov Technical University оқытушылары, қызметкерлері мен жас зерттеушілері қатысты.

Аталған іс-шара университеттің халықаралық ғылыми ынтымақтастығының жалғасы болып, бірлескен зерттеулер жүргізуге, академиялық алмасуды дамытуға және жоғары білім беру жүйесіне озық технологияларды енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашты.

[/su_custom_gallery]
Без рубрики