«БАНЬ МО» ЗЕРТХАНАСЫ: КӘСІБИ ДАМУ МЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Қытай Халық Республикасының білім беру ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастықты нығайту және инженерлік кадрларды даярлау сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.

2026 жылғы 14–22 қараша аралығында Қытайдың Шаньдун провинциясындағы Цзинань қаласында орналасқан Цзинань кәсіптік колледжінде (Jinan Vocational College) университетіміздің «Көлік техникасы және логистикалық жүйелер» кафедрасының алты оқытушысы мен университет жанындағы Инновациялық технологиялар колледжінің бір оқытушысы «Бань Мо» зертханасы аясында қысқа мерзімді халықаралық білім беру бағдарламасына қатысуда.

«Қытай тілі + автомобиль техникасы саласындағы кәсіби құзыреттер» бағдарламасы тілдік даярлықты заманауи техникалық біліммен ұштастыруға, қатысушылардың кәсіби құзыреттерін жетілдіруге және Қытайдың автомобиль өнеркәсібі саласындағы озық тәжірибесімен танысуға бағытталған.

Бағдарлама аясында автомобильдердің құрылымы, көлік құралдарына қатысты практикалық жұмыстар, баламалы энергия көздерін пайдаланатын автомобильдер технологиялары, интеллектуалды және желіге қосылған көлік құралдарының негіздері бойынша теориялық және практикалық сабақтар қарастырылған. Сонымен қатар автомобиль саласындағы кәсіби терминологияны қытай тілінде меңгеруге ерекше көңіл бөлінеді.

Тағылымдама бағдарламасына автомобиль өнеркәсібі кәсіпорындарына бару, қытайлық әріптестермен тәжірибе алмасу, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің ерекшеліктерімен танысу, сондай-ақ білім беру мен өндіріс арасындағы ықпалдастықты дамыту мәселелері енгізілген.

Бағдарламаның мәдени-танымдық бөлігі қатысушыларға Цзинань қаласының тарихи-мәдени ерекшеліктерімен, Қытайдың ұлттық дәстүрлерімен және материалдық емес мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік береді.

Аталған халықаралық бағдарлама барысында жинақталған тәжірибе мен меңгерілген жаңа технологиялық білімді университеттің оқу үдерісіне енгізу, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және еңбек нарығының заманауи талаптарына сай білікті инженерлік кадрларды даярлау көзделеді.

«Бань Мо» жобасы аясындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Қытай арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға, оқытушылардың кәсіби әлеуетін арттыруға, бірлескен білім беру бастамаларын дамытуға және халықаралық тәжірибе алмасу аясын кеңейтуге ықпал етеді.

Цзинань кәсіптік колледжінің басшылығы мен ұжымына жылы қабылдауы, халықаралық тәжірибе алмасуға және кәсіби біліктілікті жетілдіруге жасаған мүмкіндіктері үшін алғыс білдіреміз!

 

Без рубрики