2026 жылғы 19 қараша Халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту аясында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне Қытай Халық Республикасының Шихэцзы университетінің делегациясы келді. Кездесудің негізгі мақсаты — университеттер арасындағы әріптестік байланыстарды нығайту, ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және қазақстандық жоғары оқу орнының ғылыми-зерттеу әрі инженерлік инфрақұрылымымен таныстыру.
Шихэцзы университетінің делегациясы ғылым мен білімнің түрлі бағыттарын қамтитын бес профессордан құралды:
Юй Гуантао — Гидротехникалық құрылыс институтының профессоры;
Бао Фуси — Химия және химиялық технологиялар институтының профессоры;
Чан Вэй — Экономика және басқару институтының профессоры;
Чжан Синь — Энергетика және материалтану институтының профессоры;
Чжан Мэньюнь — Машина жасау және электротехника институтының профессоры.
Университет атынан кездесуге басшылық өкілдері мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Атап айтқанда:
Бекболат Ракишевич Нусупбеков — академиялық мәселелер жөніндегі проректор;
Сабина Ермековна Рахимбаева — Халықаралық ынтымақтастық және академиялық ұтқырлық орталығы басшысының міндетін атқарушы;
Астра Мундукова Макашева — Металлургия және машина жасау факультетінің деканы;
Феликс Назымович Булатбаев — Энергетика, автоматика және телекоммуникациялар факультетінің деканы;
Данияр Токанович Токанов — Сәулет — құрылыс факультетінің деканы;
Альмира Камаровна Оракбаева — «Өнеркәсіптік көлік» кафедрасының оқытушысы.
Бағдарлама университет басшылығымен өткен ресми кездесуден басталды. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамытудың перспективаларын, жоғары білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелерді, сондай-ақ академиялық және ғылыми байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі — студенттерге арналған дәрістер болды. Шихэцзы университетінің профессорлары өздерінің кәсіби және ғылыми тәжірибелерімен бөлісіп, зерттеу бағыттарын таныстырды, сондай-ақ өз салаларындағы заманауи даму үрдістері мен өзекті мәселелерге тоқталды. Мұндай академиялық кездесулер студенттердің білім көкжиегін кеңейтіп, халықаралық ғылыми тәжірибемен танысуына мүмкіндік береді.
Бағдарламаның келесі кезеңінде қытайлық делегация университеттің ғылыми-білім беру және оқу-өндірістік инфрақұрылымымен танысты. Алдымен қонақтар Жұмысшы мамандықтар орталығын аралап, мамандарды практикалық даярлау және кәсіби дағдыларын қалыптастыру бағытындағы мүмкіндіктерді көрді.
Сондай-ақ делегация назарына «Энергетикадағы цифрлық технологиялар» ғылыми-білім беру кешені ұсынылды. Кешеннің қызметі энергетика саласында заманауи инженерлік шешімдерді әзірлеуге және цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған.
Экскурсия аясында қонақтар Schneider Electric және Mitsubishi Electric — «Казпромавтоматика» компанияларымен бірлесіп жұмыс істейтін университеттің авторландырылған оқу орталықтарын аралады. Делегация мүшелеріне заманауи зертханалық жабдықтар, оқу мүмкіндіктері және инженерлік кадрларды даярлауда қолданылатын практикалық оқыту әдістері таныстырылды.
Сонымен қатар профессорлар «Тау-кен шахта жабдықтары» оқу полигонында болып, тау-кен өнеркәсібіне қажетті мамандарды даярлау ерекшеліктерімен, практикалық оқыту мүмкіндіктерімен және заманауи инженерлік жабдықтармен танысты.
Бағдарлама қорытынды кездесу және естелік сыйлықтар табыстау рәсімімен аяқталды.
Шихэцзы университеті делегациясының Saginov Technical University-ге сапары екі жоғары оқу орны арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға, кәсіби тәжірибе алмасуға және алдағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар қытайлық әріптестер университеттің білім беру, ғылыми-зерттеу және инновациялық әлеуетімен танысты.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, шетелдік жоғары оқу орындарымен және ғылыми ұйымдармен әріптестік байланыстарды нығайтуға жүйелі түрде басымдық беріп келеді. Мұндай кездесулер бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, академиялық ұтқырлықты дамытуға, озық білім беру тәжірибелерімен алмасуға және жаңа ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыруға жол ашады.