SAGINOV TECHNICAL UNIVERSITY СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТЕРДІҢ III ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫНДА МАҢЫЗДЫ КЕЛІСІМДЕРГЕ ҚОЛ ҚОЙДЫ


2026 жылғы 18 қарашада Астана қаласында халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанның өңірлік ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі орнын нығайтуға бағытталған Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумының ашылуы өтті.

18–19 қараша күндері өтетін ауқымды халықаралық іс-шараға отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының, халықаралық және ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, аккредиттеу агенттіктерінің, дипломатиялық корпустың және өндірістік серіктестердің 400-ден астам өкілі қатысуда.

Халықаралық форум жұмысына Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры, профессор Сагинтаева Сауле Саветовна бастаған университет делегациясы қатысты. Делегация құрамында стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Тимур Канапьянов, Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының міндетін атқарушы Сабина Рахимбаева, Стратегиялық даму департаментінің директоры Айнагуль Толеуова және Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Алексей Калинин болды.

Форумның ашылуында Халықаралық стратегиялық серіктестер кеңесінің (ISPC) Бас хатшысы, профессор, доктор Олгун Чичек халықаралық академиялық диалогты нақты бірлескен жобаларға және ұзақ мерзімді стратегиялық ынтымақтастыққа ұластырудың маңыздылығын атап өтті.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары білім, ғылым және инновацияларды дамытудың негізгі нәтижелері мен басым бағыттарын таныстырды. Халықаралық серіктестікті кеңейтуге, сұранысқа ие мамандарды даярлауға, университеттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайтуға және жоғары білім беру жүйесін цифрлық трансформациялауға ерекше назар аударылды.

Форум аясында трансұлттық білім беру, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, академиялық ұтқырлықты кеңейту, ғылыми зерттеулер мен инновацияларды дамыту, білім беру үдерісіне цифрлық технологияларды енгізу және жасанды интеллект дәуіріндегі жоғары білімнің даму перспективалары талқылануда.

Аталған стратегиялық бағыттарды жүзеге асыруда Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті де белсенді жұмыс жүргізуде. Форум аясында университеттің халықаралық ынтымақтастығын кеңейту және стратегиялық серіктестігін нығайту мақсатында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды:

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті мен Нанкин пошта және телекоммуникациялар университеті (ҚХР) арасындағы «Жасанды интеллект» бағыты бойынша қос дипломды магистратура бағдарламасын іске асыру туралы келісім;

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Цзинань кәсіптік колледжі (ҚХР), Қытай–ШЫҰ ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастық орталығы және SINOTRUK компаниясы арасындағы «Бань Мо» институтын құру және дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім және жобаны іске асырудың Жол картасы;

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті мен Қытай–ШЫҰ ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастық орталығы арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі екіжақты келісім.

Қол қойылған келісімдер еліміздің жоғары білім мен ғылымды дамыту саласындағы стратегиялық басымдықтарымен үндеседі және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нақты ғылыми-білім беру және технологиялық жобалар арқылы жүзеге асыруға бағытталған.

Бұл келісімдер университеттің халықаралық білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтуға, қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамытуға, ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге, озық технологиялар мен халықаралық тәжірибені енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті халықаралық серіктестікті дамыту, білім беру сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайту және заманауи еңбек нарығының талаптарына сай бәсекеге қабілетті инженерлік-техникалық мамандарды даярлау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда.

Форум аясында қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-білім беру және технологиялық ынтымақтастықтың одан әрі дамуына, бірлескен инновациялық жобаларды іске асыруға және Қазақстанның халықаралық ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Без рубрики