ҚЫТАЙДА ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН МӘДЕНИЕТІ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ


2026 жылғы 17 қарашада Қытай Халық Республикасының Шихэцзы университетінде Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетімен бірлесіп құрылған Қазақ тілі мен мәдениеті орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жаңа орталық Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға, қазақ тілінің халықаралық кеңістіктегі қолданысын кеңейтуге және ұлттық мәдени мұраны шетелде насихаттауға бағытталған.

Салтанатты іс-шараға Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры, профессор Сагинтаева Сауле Саветовна, университет жанындағы Конфуций институтының директоры Татьяна Силиньевна Филиппова және қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Қаламқас Сағындыққызы Қалыбекова қатысты.

Қытай тарапынан Шихэцзы университетінің партия комитетінің хатшысы Сюй Шаньдун, университет проректоры У Сянвэй, халықаралық ынтымақтастық және алмасу бөлімінің басшысы Лу Хунхай, халықаралық байланыстар орталығының басшысы Ван Биньи, шет тілдері институтының партия комитетінің хатшысы Чэнь Жунцюань, Орталық Азиядағы білім беру және гуманитарлық алмасулар ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Чжан Цзе және орталық ассистенті Ван На қатысты.

Ашылу рәсімінде Сюй Шаньдун мен Сагинтаева Сауле Саветовна сөз сөйлеп, екі ел арасындағы академиялық және мәдени байланыстарды дамытудың маңызын атап өтті. Бұдан кейін университет басшылары орталықтың тақтайшасын салтанатты түрде ашып, оның жұмысымен танысты.

Орталық шетелдік білім алушыларға қазақ тілін үйретуге, Қазақстанның тарихы, әдебиеті, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін таныстыруға мүмкіндік береді. Мұнда мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастыру, студенттер мен оқытушылар арасында тәжірибе алмасу және бірлескен гуманитарлық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

Айта кетейік, екі университет арасындағы академиялық серіктестік он жылдан астам уақыттан бері жалғасып келеді. Осы уақыт ішінде білім беру, ғылыми зерттеулер және академиялық ұтқырлық бағыттары бойынша тұрақты ынтымақтастық қалыптасты.

Сонымен қатар, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің жанында 2012 жылдан бері Конфуций институты жұмыс істейді. Институт қытай тілін оқытуға, Қытай мәдениетін таныстыруға және екі ел арасындағы білім беру мен мәдени байланыстарды дамытуға ықпал етіп келеді.

Университеттер арасындағы нәтижелі серіктестіктің тағы бір үлгісі – «Машина жасау» бағыты бойынша үш жылдық қос дипломды магистратура бағдарламасы. Оның аясында білім алушылар Қазақстан мен Қытайда даярлықтан өтіп, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізеді. 2026 жылы бағдарламаның алғашқы магистранты У Сяоюй магистрлік диссертациясын сәтті қорғады.

Шихэцзы университетінде Қазақ тілі мен мәдениеті орталығының ашылуы екі жоғары оқу орнының ынтымақтастығын жаңа бағытта дамытып, қазақ тілін халықаралық деңгейде ілгерілетуге және Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға жол ашады.

Без рубрики