SAGINOV TECHNICAL UNIVERSITY ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУДА: ӘЛЕМДІК ҚҰРЫЛЫС ИНДУСТРИЯСЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ CSCEC-ПЕН СЕРІКТЕСТІК


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті «STU-ENGINEERING» ғылыми-зерттеу институтының бастамасымен «Сары-Арқа» халықаралық әуежайының басшылығы мен Қытайдың ірі құрылыс корпорацияларының бірі — China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) өкілдері арасында жұмыс кездесуі ұйымдастырылды.

Кездесу Қарағанды агломерациясының 2030 жылға дейінгі көлік жүйесін дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында өтті. Оның негізгі мақсаты — халықаралық инженерлік байланыстарды нығайту, шетелдік әріптестермен өзара тиімді ынтымақтастық орнату және өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға озық халықаралық тәжірибені тарту.

Бұл — университеттің ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға, жетекші шетелдік компаниялармен әріптестік орнатуға және Қарағанды өңірінің стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асыруға үлес қосуға бағытталған жүйелі жұмысының кезекті нәтижесі.

Кездесуге «Сары-Арқа» халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Руслан Оринбаевич Габбасов және CSCEC корпорациясының өкілдері қатысты:

  • Zhang Tao -CSCEC International Construction Co., Ltd. компаниясының Қазақстандағы филиалының бас директоры;

  • Gua Hui — коммерциялық менеджер;

  • Hua Lei — маркетинг жөніндегі аға менеджер.

Университет атынан Ректордың өнеркәсіппен интеграция жөніндегі кеңесшісі Н.Б. Алтынбеков пен «STU-ENGINEERING» ғылыми-зерттеу институтының директоры О.Т. Балабаев қатысты.

Кездесу барысында Қытай делегациясы корпорацияның ірі инфрақұрылымдық нысандарды жобалау және салу саласындағы мүмкіндіктерін таныстырды. Сонымен қатар халықаралық FIDIC және EPC келісімшарттық жүйелерін қолдану тәжірибесімен бөлісіп, авиациялық және көлік-логистикалық инфрақұрылым нысандарын салу бағытындағы жобаларын таныстырды.

CSCEC корпорациясының әуежай құрылысы мен инфрақұрылымын жаңғырту саласында мол халықаралық тәжірибесі бар. Компанияның жобалары мен кәсіби құзыреттері 350-ден астам әуежай нысанын қамтиды. Олардың қатарында жолаушылар терминалдары, ұшу-қону жолақтары, перрондар, рулеждік жолдар, жүк және қойма кешендері, сондай-ақ аэродром мен логистикаға арналған өзге де инфрақұрылым нысандары бар.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілік танытып, бірлескен жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндіктерін талқылауға келісті. Атап айтқанда, университеттің, CSCEC корпорациясының және «Сары-Арқа» әуежайының өзара байланысын нығайтып, өңірдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған нақты жобаларды бірлесе пысықтау мәселелері қарастырылды.

Бұл бағыттағы жұмыста «STU-ENGINEERING» ғылыми-зерттеу институтының орны ерекше. Институт университеттің ғылыми және инженерлік әлеуетін өндіріс орындарымен, сондай-ақ халықаралық компаниялармен ұштастырып, ғылым мен бизнестің өзара байланысын нығайтуға бағытталған бастамаларды жүзеге асырып келеді.

Бүгінде Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті білім беру мен ғылыми зерттеулерді дамытумен қатар, халықаралық инженерлік ынтымақтастықты нығайтуға, озық технологиялар мен шетелдік тәжірибені өңір экономикасына енгізуге белсенді үлес қосып келеді. Университет ғылым, өндіріс және халықаралық әріптестікті тоғыстыратын маңызды алаң ретінде өзінің әлеуетін арттыруда.

Университет алдағы уақытта да шетелдік жетекші компаниялармен байланысты нығайтып, халықаралық әріптестікті дамыту және стратегиялық инфрақұрылымдық бастамаларды қолдау бағытындағы жұмыстарын жалғастырады. Бұл өз кезегінде Қарағанды агломерациясының көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға және өңірдің экономикалық дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді.

Без рубрики