Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «STUshniki» командасы 2026 жылғы 14-15 қарашада Алматы қаласында American Corner және Makerspace Almaty қолдауымен өткен NASA Space Apps Challenge халықаралық хакатонының қалалық кезеңінде бірінші орынды иеленді. Байқауда NASA-ның ашық деректерін пайдалана отырып, өздерінің технологиялық әзірлемелерін ұсынған 30 команда бақ сынады.
NASA Space Apps Challenge — NASA және басқа да ғарыш агенттіктерінің ашық деректерін пайдалануға арналған әлемдегі ең ірі халықаралық хакатон. Жыл сайын бұл ауқымды шараға әлемнің түкпір-түкпірінен студенттер, бағдарламашылар, инженерлер, дизайнерлер, ғалымдар мен зерттеушілерді қоса алғанда, мыңдаған қатысушы жиналады. Екі күн бойы олар NASA мамандары ұсынған міндеттер бойынша жұмыс істеп, нақты ғылыми деректер негізінде инновациялық шешімдер әзірлейді.
Хакатон тапсырмалары ғарышты зерттеу, Жер туралы ғылымдар, ауыл шаруашылығы, астрофизика, деректерді өңдеу және визуализациялау, сондай-ақ ғылыми ақпаратты шығармашылық тұрғыда ұсыну сияқты түрлі бағыттарды қамтиды. Қатысушылар өз білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануға, шығармашылық қабілеттерін танытуға және өзекті ғылыми-технологиялық мәселелерді шешудің тың жолдарын ұсынуға мүмкіндік алады.
Қазақстанда NASA Space Apps Challenge 2026 халықаралық хакатоны бір мезгілде алты қалада: Петропавл, Павлодар, Өскемен, Орал, Алматы және Шымкент қалаларында өтті. Іс-шараны Makerspace Expands! ұйымы АҚШ-тың Дипломатиялық миссиясы және Chevron компаниясымен серіктестікте ұйымдастырды. Хакатонға түрлі жастағы және әртүрлі кәсіби бағыттағы қатысушылар жиналып, өздерінің әлеуетін көрсетуге, шығармашылық идеяларын жүзеге асыруға және тың технологиялық шешімдер ұсынуға мүмкіндік алды.
Алматы қаласында өткен хакатонға қатысушылар қатарында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «STUshniki» командасы да болды. Алдын ала іріктеу кезеңінен сәтті өткен студенттер өз жобаларын халықаралық хакатонда таныстыруға шақырту алды. Команда жетекшісі – Наталья Викторовна Мутовина.
Команда құрамына Саламат Ахмедьянов, Мади Мурзаханов, Даниил Хуснуллин, Александр Кун және Давид Кожахметов кірді.
Хакатон қорытындысы бойынша университет студенттері 30 команда арасында үздік атанып, бірінші орынды иеленді. Команданың бес мүшесінің әрқайсысына жоғары нәтижелері мен жетістіктерін растайтын арнайы Certificate of Achievement (Жетістік сертификаты) табысталды.
Жобаларды бағалау барысында бес негізгі өлшемшарт ескерілді: маңыздылығы, креативтілігі, негізділігі, өзектілігі және таныстырылым сапасы. Сонымен қатар ұсынылған идеялардың бірегейлігіне, әзірленген шешімдердің практикалық құндылығына және қатысушылардың командада тиімді жұмыс істей білу қабілетіне ерекше назар аударылды.
NASA Space Apps Challenge халықаралық хакатонында қол жеткізілген бұл жеңіс студенттердің жоғары деңгейдегі даярлығын, ғылыми ізденіске деген қызығушылығын және халықаралық технологиялық жобаларға қатысуға дайын екенін айқын көрсетті. Осындай бастамалар жастардың зерттеушілік және инженерлік дағдыларын дамытуға, цифрлық құзыреттерін жетілдіруге, сондай-ақ өз идеяларын нақты жобаларға айналдыру арқылы құнды тәжірибе жинақтауына жол ашады.
«STUshniki» командасын және оның жетекшісі Наталья Викторовна Мутовинаны лайықты жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да толағай табыстарға жетіп, жаңа ғылыми жобаларды жүзеге асырып, халықаралық аренада университетіміздің абыройын асқақтата беруіне тілектеспіз!