ӘБІЛҚАС САҒЫНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАРАҒАНДЫ ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ӨКІЛДЕРІ БЕЙЖІҢДЕГІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ


13–15 қараша күндері Бейжің қаласында Қытай тіліне арналған дүниежүзілік конференция өтті. Жиынға 160-тан астам ел мен аймақтың өкілдері қатысты. Сонымен қатар конференцияға 1 500-ден астам білім беру ұйымы қатысты. Биылғы конференцияның тақырыбы — «Қытай тілі – тілден де ауқымды ұғым».

Үш күн бойы қатысушылар қытай тілін халықаралық деңгейде оқыту мен таратудың жаңа бағыттарын, тілдік алмасу мен ынтымақтастықты дамытуды, сондай-ақ мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуды талқылады.

Ашылу салтанатында Қытай Халық Республикасы Төрағасының орынбасары Хань Чжэн сөз сөйледі. Ол халықаралық деңгейде қытай тілін оқыту әлеуетін арттыру, шетелдік білім алушылар мен оқытушыларды қолдау және оқу ресурстарын бірлесіп әзірлеу жөнінде ұсыныстар айтты.

Конференция аясында қытай тілін үйренушілер мен оқытушыларға арналған жасанды интеллект моделі және қытай тілін кәсіптік біліммен, өндіріс салаларымен әрі мәдени алмасумен ұштастыратын 30 үздік тәжірибе таныстырылды. Сондай-ақ 2026 жылы HSK халықаралық емтиханына қатысушылар саны алғаш рет бір миллионнан асқаны хабарланды.

Конференцияға Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры Сагинтаева Сауле Саветовна мен Конфуций институтының директоры Филиппова Татьяна Силиньевна қатысты. Университет өкілдерінің халықаралық жиынға қатысуы қытай тілін оқыту, білім беру технологияларын дамыту және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық бағыттарындағы әлемдік тәжірибемен танысуға мүмкіндік берді.

Конференция тақырыбы университет жанындағы Конфуций институтының қызметімен де сабақтас. Институт қытай тілі мен мәдениетін танытуға, тілдік және мәдени байланыстарды дамытуға үлес қосып келеді. Оқытудағы заманауи тәсілдер мен цифрлық шешімдерді талқылау халықаралық білім беру саласындағы өзекті үрдістерді саралап, алдағы жұмыс бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік конференция білім, технология және мәдениет салаларындағы халықаралық байланыстарды нығайтуға арналған маңызды алаң болды. Университет өкілдерінің қатысуы халықаралық білім беру кеңістігіндегі өзара ынтымақтастықты дамытуға бағытталған жұмыстың бір бөлігі.

Без рубрики