SAGINOV TECHNICAL UNIVERSITY-ДЕ БҰРҒЫЛАУ-ЖАРУ ЖҰМЫСТАРЫ БОЙЫНША ЖАҢА ОҚУ СЫНЫБЫ АШЫЛДЫ


2026 жылғы 12 қарашада Saginov Technical University-де бұрғылау-жару жұмыстары бойынша арнайы оқу сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Францияның EPC Groupe компаниясымен ынтымақтастық аясында ашылған жаңа аудитория тау-кен саласы үшін білікті мамандар даярлау ісін жетілдіруге бағытталған.

Салтанатты шараға университеттің Басқарма мүшесі — академиялық мәселелер жөніндегі проректор, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Бекболат Рақышұлы Нүсіпбеков, Басқарма мүшесі — стратегиялық даму жөніндегі проректор Тимур Ерболатович Қанапьянов және EPC Groupe компаниясының оқыту жөніндегі жетекші маманы Хавьер Муньос Гарсия қатысты.

Іс-шара барысында университет басшылығы білім беру сапасын арттыруда өндіріс орындарымен байланысты нығайту, халықаралық тәжірибені оқу үдерісіне енгізу және студенттердің кәсіби даярлығын жетілдіру мәселелеріне тоқталды. Ал EPC Groupe өкілі халықаралық әріптестіктің маңызын атап өтіп, университет бастамасына қолдау білдірді.

Салтанатты рәсімнің маңызды сәті жаңа оқу сыныбының лентасын қию болды. Бұл бастама университет пен EPC Groupe компаниясы арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты.

Жаңа аудитория бұрғылау-жару жұмыстары саласындағы білімді тереңдетуге, заманауи өндірістік технологияларды меңгеруге және студенттердің практикалық даярлығын жетілдіруге арналған. Мұнда арнайы дәрістер, семинарлар мен тәжірибелік сабақтар өткізу жоспарланған.

Оқу сыныбының ашылуынан кейін EPC Groupe компаниясының оқыту жөніндегі жетекші маманы Хавьер Муньос Гарсия «Пайдалы қазбаларды өндіру үдерісіндегі бұрғылау-жару жұмыстарының маңызы» тақырыбында ашық дәріс оқыды. Кездесу барысында студенттер бұрғылау-жару жұмыстарының өндірістегі рөлі мен осы бағыттағы халықаралық тәжірибе туралы мағлұмат алды.

Жаңа оқу сыныбының ашылуы — білім мен өндірісті ұштастыруға бағытталған маңызды қадам. Мұндай бастамалар студенттердің кәсіби құзыреттерін дамытуға, заманауи технологияларды меңгеруіне және болашақ мамандардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Saginov Technical University мен EPC Groupe арасындағы әріптестік алдағы уақытта да жалғасын тауып, тау-кен саласы үшін заманауи талаптарға сай мамандар даярлауға үлес қосады деп сенеміз.

Без рубрики