Saginov Technical University ұжымы университет қызметкері, ішкі істер органдарының ардагері Молбасин Иген Мешеловичті Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің арнайы грамоталарымен марапатталуымен құттықтайды!
2026 жылғы 10 қарашада Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде Ардагерлер мен тәлімгерлер кеңесінің отырысы өтті. Жиында ішкі істер органдары ардагерлерінің қоғамдық қызметі, жас қызметкерлерге тәлімгерлік етуі және полиция саласындағы ұрпақтар сабақтастығын сақтау мәселелері талқыланды.
Отырыс барысында Молбасин Иген Мешеловичтің құқық қорғау саласына сіңірген еңбегі мен жас буын тәрбиесіне қосқан үлесі ерекше аталып өтті. Бүгінде ол облыстық Ішкі істер басқармасы жанындағы Тәлімгерлер кеңесінің мүшесі ретінде жас полицейлерге бағыт-бағдар беріп, олардың кәсіби қалыптасуына өз тәжірибесімен үлес қосып келеді.
Молбасин Иген Мешеловичтің қызметтік жолы ерлік пен адалдықтың жарқын үлгісі. 1989 жылғы 9 тамызда қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.
Астана қаласында өткен жиын барысында жас қызметкерлерді тәрбиелеуге және тәлімгерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін оған Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің атынан арнайы грамоталар табысталды.
Ардагердің өмірлік тәжірибесі мен азаматтық ұстанымы — жас буын үшін өнеге. Оның бүгінгі қоғамдық қызметі де аға буынның кейінгі ұрпақ алдындағы жауапкершілігін айқын көрсетеді.
Saginov Technical University ұжымы Молбасин Иген Мешеловичті лайықты марапатымен шын жүректен құттықтайды! Деніне саулық, отбасына амандық, еңбегіне табыс тілейміз! Ел алдындағы абыройыңыз артып, жас ұрпаққа берер өнегеңіз жалғасын таба берсін!