ҒЫЛЫМ МЕН ЦИФРЛАНДЫРУ ТОҒЫСҚАН ТҰСТА: SAGINOV TECHNICAL UNIVERSITY-ДЕ ГЕОАНАЛИТИКАЛЫҚ ЖИ-АГЕНТ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ


10 қараша – Бейбітшілік пен даму үшін дүниежүзілік ғылым күні. Сонымен қатар бұл күн Қазақстанда цифрландыру және ақпараттық технологиялар саласы мамандарының кәсіби мерекесі ретінде аталып өтеді.

Қазіргі таңда ғылым мен ақпараттық технологиялардың дамуы қоғам өмірінің барлық саласына әсер етіп отыр. Әсіресе жасанды интеллектінің мүмкіндіктері ғылыми зерттеулердің сипатын өзгертіп, бұрын күрделі әрі көп уақытты қажет ететін жұмыстарды жаңа деңгейде орындауға жол ашуда.

Қазақстанда да бұл бағытқа ерекше көңіл бөлініп келеді. Жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлау, ғылыми әзірлемелерді қолдау және цифрлық технологияларды тәжірибеге енгізу мақсатында жүзеге асырылып жатқан AI-SANA бағдарламасы – соның бір көрінісі. Бағдарлама білім алушылар мен оқытушылардың жаңа технологияларды меңгеруіне, өз идеяларын нақты жобаларға айналдыруына мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында да цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселелеріне басымдық берілген. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуеті мен оқытушылардың бастамалары маңызды рөл атқарады.

Осы орайда Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Маркшейдерлік іс және геодезия кафедрасында дөңгелек үстел өткізіліп, «Жер учаскелерін бағалауға арналған геоаналитикалық ЖИ-агент» жобасы таныстырылды.

Жобаны әзірлеу бастамасын университеттің Басқарма мүшесі – цифрландыру жөніндегі проректор Азамат Жанболатұлы Амиров көтерген.

Ал бағдарламалық шешімді Ақпараттық технологиялар факультетінің өкілдерімен бірлесіп, «Жасанды интеллектке кіріспе» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсынан өткен техника ғылымдарының кандидаты, Маркшейдерлік іс және геодезия кафедрасының қауымдастырылған профессоры (доцент) Сергей Петрович Оленюк әзірледі.

Дөңгелек үстел барысында оқытушы жаңа әзірлемені таныстырып, оның жұмыс істеу мүмкіндіктері мен қолдану аясын түсіндірді.

Жобаның негізгі мақсаты – жер учаскелерін бағалау кезінде геокеңістіктік және кадастрлық деректерді жасанды интеллект көмегімен талдау.

ЖИ-агент таңдалған аумақ туралы мәліметтерді саралап, жер учаскесінің әлеуетін бағалауға, аналитикалық қорытынды жасауға және тиісті ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл жер ресурстарын басқару мен аумақтарды жоспарлау жұмыстарын жетілдіруге бағытталған.

Әзірлемені бірнеше салада қолдануға болады:

  • жер учаскелерінің инвестициялық тартымдылығын бағалау және жоспарлау;

  • қала құрылысы мен аумақтық жоспарлау;

  • құрылыс саласындағы басқарушылық шешімдерді негіздеу;

  • жер ресурстарын тиімді әрі ұтымды пайдалану.

Жобаның ерекшелігі – геодезия мен кадастр саласындағы дәстүрлі әдістерді жасанды интеллект мүмкіндіктерімен ұштастыруында. Геоақпараттық жүйелер, цифрлық картография және интеллектуалды деректерді өңдеу технологияларының өзара байланысы жер туралы ақпаратты тереңірек талдауға мүмкіндік береді.

Бұл, әсіресе, аумақтың ерекшеліктерін ескеріп, жерді пайдалану жөнінде негізделген шешім қабылдауда маңызды. Жасанды интеллект маманның жұмысын толық алмастырмаса да, талдау үдерісін жеңілдетіп, қажетті ақпаратты жүйелеуге және шешім қабылдауды жеделдетуге көмектеседі.

Қарағанды техникалық университетінде қолға алынған бұл бастама ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, цифрлық технологияларды нақты міндеттерді шешуге бағыттаудың маңызын көрсетеді. Сонымен қатар оқытушылардың жаңа технологияларды меңгеріп қана қоймай, оны өздерінің кәсіби саласында қолдануға ұмтылуы білім беру мен ғылыми қызметтің дамуына серпін береді.

Ғылым мен цифрландырудың өзара сабақтастығы осындай нақты жобалар арқылы көрініс табады. Ал жасанды интеллектіні тәжірибеде тиімді пайдалана білетін мамандарды даярлау – еліміздің технологиялық дамуы үшін маңызды міндеттердің бірі.

Осы айтулы күнге орай барша ғалымдарды, оқытушыларды, зерттеушілерді, жас ғалымдар мен студенттерді, сондай-ақ цифрландыру және ақпараттық технологиялар саласының мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!

Еңбектеріңіз жемісті, ғылыми ізденістеріңіз нәтижелі болсын! Жаңа идеялар мен батыл бастамалар нақты жобаларға айналып, ғылым жетістіктері еліміздің дамуына қызмет етсін!

Без рубрики