10 қараша күні Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Университет қызметінің қорытындыларын саралап, қол жеткізілген жетістіктер мен алдағы даму перспективаларын айқындауға арналған жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, отандық және шетелдік компаниялардың басшылары, индустриялық серіктестер, ғалымдар мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Отырыста Басқарма төрағасы – ректор, экономика ғылымдарының докторы, профессор Сагинтаева Сауле Саветовна «Университеттің стратегиялық даму бағыты: қол жеткізілген нәтижелер, басымдықтар мен перспективалар» тақырыбында баяндама жасады. Ректор университеттің академиялық, ғылыми-инновациялық, халықаралық және әлеуметтік-тәрбие бағыттарындағы қызметіне жан-жақты талдау жасап, негізгі жетістіктер мен алдағы кезеңге арналған стратегиялық міндеттерді таныстырды.
Университет дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі – білім алушылар санының тұрақты өсуі. 2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша студенттер контингенті 11 461 адамға жетіп, өткен оқу жылымен салыстырғанда 15 пайызға артты. Олардың 6 666-сы, яғни 58 пайызы мемлекеттік білім гранттарының иегерлері. 2026–2027 оқу жылында университетке 4 085 білім алушы қабылданды. Сонымен қатар «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы аясында 415 грант иегері оқуға түсті.
Университеттің ұлттық рейтингтердегі көрсеткіштері де айтарлықтай жақсарды. Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттіктің (НАОКО) бағалауы бойынша университет Қазақстандағы техникалық жоғары оқу орындары арасында екінші орынға ие болды. НААР рейтингінде білім беру бағдарламаларының 96 пайызы, ал «Атамекен» ҰКП рейтингінде 80 пайызы үздік ондыққа енді. Сонымен қатар бірінші орын алған білім беру бағдарламаларының саны екі есеге артты.
Университет жеті жыл мерзімге институционалдық сыртқы сапаны бағалау рәсімінен сәтті өтті. Қазіргі таңда білім беру бағдарламаларының тізіліміне 53 бакалавриат, 45 магистратура және 23 докторантура бағдарламасы енгізілген. Есепті кезеңде 11 жаңа және инновациялық білім беру бағдарламасы іске қосылды. Олардың қатарында өнеркәсіптік кәсіпорындармен тығыз байланыста әзірленген төрт PhD бағдарламасы бар.
Ғылыми-зерттеу қызметін дамыту бағытында да елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. 2025 жылы ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі 3,018 млрд теңгеге жетті. Ал 2026 жылғы 10 қарашадағы жағдай бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру 2,863 млрд теңгені құрады. Оның ішінде кәсіпорындармен жасалған шаруашылық келісімшарттар бойынша қаржыландыру көлемі 1,3 млрд теңгеден асты.
Университеттің ғылыми әлеуеті қолданбалы жобаларды жүзеге асыру, зерттеу инфрақұрылымын дамыту және жас ғалымдарды қолдау арқылы нығайып келеді. Жеті жас зерттеуші жалпы сомасы 3,5 млн теңгені құрайтын ректор гранттарына ие болды.
Студенттік ғылым мен кәсіпкерлікті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылғы Республикалық студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауының қорытындысы бойынша университеттің 29 студенті дипломмен марапатталды. Олардың жетеуі бірінші, алтауы екінші және 16-сы үшінші орын иеленді.
2025–2026 жылдары университет 11 студенттік стартапты жүзеге асыруға 53 млн теңге көлемінде қаржы бөлді. Аталған жобалардан түскен жалпы табыс 29 млн теңгеден асты. Табысты бастамалар қатарында Print Box, STU Futsal және STU STORE жобалары ерекше атап өтілді.
Университеттің стратегиялық дамуындағы негізгі бағыттардың бірі – цифрлық трансформация. Бүгінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға негізделген 30-дан астам жоба мен ақпараттық жүйе әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Tomorrow School бағдарламалау және жасанды интеллект мектебі ашылып, заманауи цифрлық зертханалар, виртуалды тренажерлер мен студенттердің практикалық даярлығын жетілдіруге арналған кешендер іске қосылды.
AI-Sana бағдарламасы аясында студенттер жасанды интеллект бойынша базалық курстардан өтті. 2026 жылы университеттің 567 қызметкері жасанды интеллект бағытында біліктілігін арттырды. Интеллектуалдық технологияларды білім беру үдерісіне, ғылыми зерттеулерге және университетті басқару жүйесіне енгізу жұмыстары жалғасуда.
Халықаралық ынтымақтастық аясы да кеңеюде. Есепті кезеңде шетелдік серіктестермен 15 жаңа меморандум жасалды. Шетелдік студенттер саны 274 адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артты. Университеттің халықаралық байланыстары 16 мемлекетті қамтиды.
2021–2026 жылдар аралығында сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысатын білім алушылар саны үш есеге жуық өсіп, 20-дан 58 адамға жетті. Қос дипломды білім беру бағдарламалары дамытылып, Қытай, Ұлыбритания және өзге де мемлекеттердің жоғары оқу орындарымен байланыс нығайып келеді. Сонымен қатар Erasmus+ аясындағы халықаралық білім беру жобалары жүзеге асырылуда.
Ректор баяндамасында ғылым, білім және өндіріс интеграциясын нығайту мәселесіне ерекше назар аударды. Бүгінде Корпоративтік университет еліміздің 86 өнеркәсіптік кәсіпорны мен ғылыми орталығын біріктіреді. Есепті кезеңде серіктестік байланыстарды дамыту мақсатында ұйымдармен 52 кездесу мен жұмыс сапары ұйымдастырылып, Корпоративтік университет құрамына жеті жаңа кәсіпорын қосылды.
Дуалды оқыту, өндірістік практика және түлектерді жұмысқа орналастыру тетіктері жүйелі түрде дамытылуда. 2026 жылғы ақпанда өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне рекордтық көрсеткішпен 92 кәсіпорын мен ұйым қатысып, 2 000-нан астам студент қамтылды.
Өнеркәсіптік серіктестікті дамытуда университет базасында құрылған QarTech өңірлік инновациялық-индустриялық хабы маңызды рөл атқарады. Оның қызметі ғылыми зерттеулерді, технологиялық кәсіпкерлікті және өндірістік бастамаларды біріктіреді. Хаб тау-кен өнеркәсібі, металлургия, көмір химиясы, жаңа материалдар, автоматтандыру және экологиялық технологиялар бағыттарын қамтиды.
Ректор кадрлық әлеуетті дамыту мәселесіне де кеңінен тоқталды. Университеттің білім беру үдерісіне 751 оқытушы тартылған, олардың 294-інің ғылыми дәрежесі бар. Оқу жылы ішінде 16 оқытушы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, PhD дәрежесін алды. Ал 636 қызметкер біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
2025–2026 оқу жылында профессор-оқытушылар құрамының 139 өкілі мемлекеттік, салалық және өңірлік деңгейдегі түрлі марапаттар мен көтермелеулерге ие болды.
Университет студенттері де жоғары нәтижелер көрсетті. Зияткерлік, шығармашылық, спорттық және қоғамдық іс-шараларда 271 жүлделі орын иеленді. «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасында университет өкілдері бірінші және екінші орындарды жеңіп алып, тиісінше 1 млн және 600 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтарға ие болды.
1 000-нан астам студентті біріктіретін еріктілер қозғалысы белсенді дамып келеді. «Aqniet» қайырымдылық ұйымы Қарағанды облысы әкімінің «Қамқор жүрек» номинациясы бойынша сыйлығына ие болды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 166 білім алушы Президенттік және атаулы стипендиялардың иегері атанды.
Баяндамада университеттің қаржылық-экономикалық даму нәтижелері де таныстырылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша кіріс көлемі 12,47 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 18,38 пайызға артты. Таза пайда 795,2 млн теңгеге жетті.
Материалдық-техникалық базаны дамыту аясында 573,6 млн теңгеге оқу-зертханалық жабдықтар сатып алынды. Ал гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде шамамен 1 млрд теңгенің жабдығы алынды. Оқу корпустарын, ғылыми кітапхананы, студенттік кеңістіктерді және университет инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Алдағы кезеңнің стратегиялық басымдықтарын айқындай отырып, Сагинтаева Сауле Саветовна кемінде төрт қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосу, ғылыми-зерттеу институтын құру, баламалы және сутегі энергетикасы зертханасын ашу, халықаралық гранттық жобаларды жүзеге асыру және жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу міндеттерін белгіледі.
Сонымен қатар жастар кеңістіктерін жаңғыртуға, практикаға бағытталған білім беруді кеңейтуге және өнеркәсіп сұранысына сай ғылыми әзірлемелерді дамытуға басымдық беріледі.
Университеттің стратегиялық мақсаты – инженерлік кадрлар даярлаудың дәстүрлі үлгісінен Қарағанды өңірінің технологиялық дамуына тікелей қатысатын заманауи зерттеу техникалық университетінің моделіне көшу.
Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысына құрметті қонақтар ретінде университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Байменов Алихан Мухамедияулы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Сүйінбаев Шыңғыс Нұрманұлы, Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Газалиев Асқар Арстанұлы, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің әкімшілік басқармасының басшысы Саттыбаева Меруерт Рахимбековна қатысты.
Сонымен қатар жиынға «Qarmet», «Азимут Геология», «NASA Technology», «Light Engineering LLP», KPA GROUP компанияларының өкілдері және Францияның EPC Group компаниясының делегациясы қатысты. Қатысушылар университеттің даму перспективаларын, инженерлік білім беру сапасын арттыру және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту мәселелерін талқылады.
Отырыстың маңызды бөліктерінің бірі білім, ғылым, спорт және инновация салаларында жетістікке жеткен университет өкілдері мен индустриялық серіктестерді салтанатты марапаттау рәсімі болды.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нурбектің Құрмет грамотасымен Кернебаев Айдын Сапарулы марапатталды. Сонымен қатар «Taldau AI Analytics» талдау орталығы мен Қарағанды облысының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған «Талдау мектебі. Қарағанды» жобасын сәтті аяқтаған Кернебаев Айдын Сапарулы мен Бузяков Рустам Равильевичке сертификаттар табысталды.
Университеттің дамуына, білім беру және ғылыми бастамаларды қолдауға қосқан үлесі үшін индустриялық серіктестерге алғыс хаттар табысталды. Олардың қатарында Адамбеков Мухамедкали Муратович, Ерполатов Нурсултан Еркасимович, Каомов Дамир Ирекович, Усабаев Данияр Маратович, Имашев Серик Тимурович, Лепехов Дмитрий Александрович және Францияның EPC Group компаниясының өкілі Javier Munoz Garcia бар.
Университет қызметкерлерінің ғылыми жетістіктері де ерекше атап өтілді. Жунусбекова Жанара Жумашқызына «Машина жасау» ғылыми бағыты бойынша қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы берілді. Ал Иманов Еділ Құттыбайұлы, Атамбаев Жасулан Нурбаевич және Ким Анна Станиславовна философия докторы (PhD) дәрежесін иеленді.
Дене тәрбиесі кафедрасының оқытушысы Искаков Рахат Бекболатович ардагерлер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында көрсеткен жоғары спорттық нәтижесі үшін марапатталды.
Студенттердің инновациялық жетістіктеріне де ерекше назар аударылды. Иван Луков пен Лариса Карпеченко PostTech Hackathon байқауында ІІ орын алып, 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық иеленді. Сонымен қатар Иван Луков Digital KZ хакатонында «Bir Soz» жобасымен жеңіске жетіп, 1 млн теңге көлеміндегі бас жүлдені жеңіп алды.
Алматы қаласында өткен «KTZ-ALT Innovation» AI-хакатонында «Инсомния» командасы ІІІ орын алып, ақшалай сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ «Республика мақтанышы» республикалық байқауында І орын алған Серік Шамшырақ Ерболқызы марапатталды.
Цифрландыру күніне орай ұйымдастырылған Counter-Strike 2 киберспорт чемпионатының жеңімпаздары да құрметке бөленді. 28 команда арасынан үздік шыққан «Туристер» командасының құрамында Аметов Адиль Маргуланович, Коровкин Артем Андреевич, Диканбаев Ануар Алдиярович, Ильясов Данил және Ильясов Кирилл Александрович өнер көрсетті.
Отырысты қорытындылаған қатысушылар ұсынылған стратегиялық міндеттерді талқылап, тиісті шешім қабылдады. Ректор университет ұжымына жоғары кәсіби біліктілігі, адал еңбегі және отандық инженерлік білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы Saginov Technical University-дің алдағы даму стратегиясын айқындаудағы маңызды кезең болды. Университеттің жаңа бастамалары білім беру сапасын арттыруға, ғылыми әлеуетті нығайтуға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанның технологиялық болашағына қажетті жоғары білікті инженерлік кадрлар даярлауға бағытталған.