Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Осакаров ауданында мектеп оқушыларына арналған Ашық есік күнін ұйымдастырды. Кездесудің басты мақсаты – жоғары сынып оқушыларын университеттің білім беру мүмкіндіктерімен таныстыру, болашақ мамандықты таңдауға бағыт-бағдар беру.
Іс-шараға Осакаров ауданындағы Әлихан Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектептің, №2, №3, №6, №8, №10, №12, №13 мектептер мен №9 гимназияның жоғары сынып оқушылары қатысты. Болашақ мамандығын таңдауға бағытталған мазмұнды кездесуге жалпы саны 150-ден астам оқушы жиналды.
Маркетинг және кәсіптік бағдар беру жұмысы бөлімінің өкілдері оқушыларға білім беру бағдарламалары мен даярлау бағыттарын таныстырып, талапкерлерді қызықтырған оқуға түсу тәртібі мен студенттерге ұсынылатын мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат берді. Атап айтқанда, мемлекеттік білім беру гранттары, жеңілдіктер мен квоталар, шәкіртақы түрлері, сондай-ақ университеттің Ректор грантын иелену шарттары түсіндірілді. Оқушылар әскери кафедрада білім алу, академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысу, шетелдік жоғары оқу орындарында тәжірибе алмасу, өндірістік тәжірибеден өту және болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен танысты.
Кездесу барысында арнайы көрме ұйымдастырылып, оқушылар университетте даярланатын мамандықтармен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Көрме алаңында білім беру бағыттарының ерекшеліктері түсіндіріліп, болашақ кәсіби жолын таңдауға қатысты сұрақтарға жауап берілді.
Ашық есік күнінің мазмұнды бөлігін «Jas Orda» жастар қауымдастығы белсенділері ұсынған концерттік бағдарлама толықтырды. Өнерлі жастардың жарқын қойылымдары қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, көтеріңкі көңіл күйге бөледі. Сонымен қатар қауымдастық өкілдері ұйым қызметінің негізгі бағыттарын таныстырып, студенттер үшін ашылатын мүмкіндіктер мен жүзеге асырылып жатқан жастар бастамалары туралы жан-жақты ақпарат берді.
Іс-шара аясында университет пен Осакаров ауданының мектептері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға да ерекше назар аударылды. Осы бағытта бірқатар мектеппен өзара ынтымақтастық туралы келісімшарттарға қол қойылып, білім беру және кәсіптік бағдар беру саласындағы байланысты одан әрі нығайтуға негіз қаланды.
Кездесу соңында Осакаров ауданының білім бөліміне, «Жастар» балалар-жасөспірімдер орталығына, іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан мамандар мен аудан мектептеріне Басқарма Төрағасы – Ректор Сауле Саветовнa Сагинтаева атынан алғыс хаттар табысталды.
Осакаров ауданында өткен кездесу мектеп бітірушілердің кәсіби бағдарын қалыптастыруға, техникалық және инженерлік білімге деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ университет пен аудан мектептері арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды.
Saginov University өңір жастарына сапалы білім алудың мүмкіндіктерін таныстырып, болашақ мамандықты саналы таңдауға көмектесетін кәсіптік бағдар беру жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады.
[/su_custom_gallery]





















