2026 жылғы 4 қарашада Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің өкілдері мен «Ұлттық еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басшылығы арасында жұмыс кездесуі өтті. Кездесу Ұлттық орталықтың базасында ұйымдастырылды. Оның басты нәтижесі – «Корпоративтік университет» инновациялық-білім беру консорциумы аясында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы.
Университет тарапынан кездесуге Басқарма төрағасы – ректор Сауле Сагинтаева бастаған профессор-оқытушылар құрамы мен құрылымдық бөлімшелердің басшылары қатысты. Олардың қатарында аппарат басшысы, техника ғылымдарының докторы, профессор Аристотель Исагулов, ғылым жөніндегі проректор, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Али Мехтиев, Тау-кен факультетінің деканы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Нурбек Жолмагамбетов, «Өнеркәсіптік қауіпсіздік және экология» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Нурмухамбет Медеубаев және Үздіксіз білім беру институтының директоры Нурлан Алтынбеков болды.
Ұлттық орталық атынан кездесуге Басқарма төрағасы – директор Нурданат Беркингали, басқарушы директор Сауле Музапарова, стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі директордың орынбасары Алексей Алексеев, өнеркәсіптік кәсіпорындармен байланыс және маркетинг жөніндегі маман Магжан Тилемисов қатысты.
Кездесу барысында тараптар ұзақ мерзімді әріптестікті дамыту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және өнеркәсіп саласының өзекті сұраныстарына сай мамандар даярлау мүмкіндіктерін талқылады. Әсіресе өнеркәсіптік қауіпсіздік, өндірістік гигиена, экология және еңбек жағдайларының адам денсаулығына әсерін зерттеу мәселелеріне назар аударылды.
Қол қойылған келісім білім беру, ғылым және ғылыми-техникалық қызмет салаларындағы кешенді ынтымақтастықты көздейді. Атап айтқанда, тараптар бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша мамандар даярлауды бірлесіп дамытуға, студенттердің оқу және өндірістік тәжірибесін ұйымдастыруға, серіктес ұйымдар базасында кафедра филиалдарын ашуға, сондай-ақ Орталықтың жетекші мамандарын оқу үдерісіне тартуға ниетті.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – оқытушылар, ғалымдар, докторанттар, магистранттар мен студенттердің қатысуымен бірлескен ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық жобаларды жүзеге асыру. Бұл екі ұйымның ғылыми әлеуетін біріктіріп, қолданбалы зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Сонымен қатар тараптар Web of Science және Scopus халықаралық ғылыми дерекқорларында индекстелетін рецензияланатын басылымдарда бірлескен ғылыми мақалалар жариялауды, республикалық және халықаралық ғылыми бағдарламаларға қатысуды, ғылыми және оқу-әдістемелік материалдармен алмасуды жоспарлап отыр.
Келісім аясында бірлескен ғылыми конференциялар, семинарлар, симпозиумдар мен дөңгелек үстелдер өткізу, сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламаларын дамыту қарастырылған. Бұдан бөлек, университеттің профессор-оқытушылар құрамының тағылымдамадан өтуіне және кадрлардың кәсіби дамуына мүмкіндік жасау көзделген.
Келісімде белгіленген бастамаларды жүзеге асыру ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуға, білім алушылардың практикалық даярлығын жетілдіруге және бірлескен зерттеу қызметінің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға ықпал етеді.
Жаңа әріптестік университет ғылымы мен салалық мамандардың тәжірибесін ұштастырып, перспективалы ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және өнеркәсіптің заманауи талаптарына сай білікті кадрлар даярлауға бағытталған.
[/su_custom_gallery]



















