3 қарашада Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Жаңартылатын энергия көздері және болашақ энергетикасы: ғылыми зерттеулерден өнеркәсіптік шешімдерге дейін» тақырыбында панельдік сессия өтті.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні дамыту және заманауи технологияларды өндіріске енгізу басымдықтарымен үндес болды.
Жиынды энергетика, автоматика және телекоммуникациялар факультетінің деканы Феликс Булатбаев ашып, энергетика саласына білікті мамандар даярлау мен ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың маңызын атап өтті.
Басқарма мүшесі – ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Али Мехтиев ғылыми әзірлемелерді нақты өндіріске енгізу, энергетикада жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану және өнеркәсіп кәсіпорындарымен ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне тоқталды.
Панельдік сессияға Малайзия технологиялық университетінің профессоры Jasrul Jamani Bin Jamian, университет ғалымдары, докторанттар, сондай-ақ «ТТК» және «ГИПЕРБОРЕЯ» ЖШС өкілдері қатысты.
Қатысушылар күн және жел энергетикасын дамыту, жел электр станцияларын интеллектуалды басқару, энергия өндірудің тұрақсыздығы мен жабдықтарды тасымалдау мәселелерін талқылады. Сондай-ақ жасанды интеллект арқылы энергия өндірісін болжау және энергетикалық жүйелердің сенімділігін арттыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Кездесу ғылым мен өндіріс өкілдерінің тәжірибе алмасуына және Қазақстандағы жасыл энергетиканы дамытуға бағытталған бірлескен жобалардың болашағын талқылауға мүмкіндік берді.
[/su_custom_gallery]











