Құрметті отандастар!
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ұжымы баршаңызды 25 қазан – Республика күнімен шын жүректен құттықтайды!
Республика күні – ел тарихындағы маңызды кезеңді айшықтап, ұлттық бірлік пен мемлекетшілдік рухты дәріптейтін мереке. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация халқымыздың егемен ел болуға деген ұмтылысын айқындап, Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашты.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халықаралық қауымдастықта өзіндік орны бар, экономикасы, ғылымы мен білім беру әлеуеті дамып келе жатқан мемлекетке айналды. Бүгінде еліміз жаңа технологияларды игеру, өнеркәсіпті жаңғырту, білім мен ғылымның мүмкіндіктерін кеңейту бағытында маңызды міндеттерді жүзеге асырып келеді.
Ел болашағын қалыптастыруда жоғары оқу орындарының орны айрықша. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті отандық инженерлік білімнің дамуына үлес қосып, өндіріс пен ғылымның сабақтастығын нығайту және жаңа буын мамандарын даярлау бағытындағы жұмысын жалғастырып келеді.
Университетіміздің әрбір білім алушысының жетістігі, әрбір ғылыми жаңалығы мен өндірісте жүзеге асқан жобасы – Қазақстанның технологиялық дамуына қосылған үлес. Жастардың білімге ұмтылысы мен ғалымдардың ізденісі еліміздің алдағы жетістіктеріне берік негіз қалайды.
Республика күні ортақ құндылықтарымызды ұлықтап, ел игілігі жолындағы мақсаттарымызды бір арнаға тоғыстырады.
Осы айтулы күні барша қазақстандықтарға бейбітшілік, береке-бірлік, тұрақтылық пен толағай табыс тілейміз! Көк туымыз биікте желбіреп, еліміздің абыройы асқақтай берсін!
Ұлттық мерекеміз – Республика күні құтты болсын!
