SAGINOV TECHNICAL UNIVERSITY-ДЕ МАЛАЙЗИЯМЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ


19 қазанда Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Басқарма төрағасы – ректор Сауле Саветовна Сагинтаева Малайзия технологиялық университетінің  профессоры Khairur Rijal bin Jamaludin-мен кездесті.

Кездесуге Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Тимур Ерболатулы Канапиянов, PhD, қауымдастырылған профессор Медгат Муратулы Мусаев, сондай-ақ Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының міндетін атқарушы Сабина Ермековна Рахимбаева қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – жоғары оқу орындары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, ғылыми-білім беру байланыстарын дамыту, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру және озық академиялық тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылау.

Кездесу барысында тараптар инженерия, заманауи өндірістік технологиялар, сапаны басқару және өнеркәсіпте жасанды интеллектіні қолдану бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ интеллектуалды өндірісті дамытуға, өндірістік үдерістерді оңтайландыруға және ғылыми зерттеулерде деректерді талдаудың заманауи әдістерін пайдалануға ерекше назар аударылды.

Профессор Khairur Rijal bin Jamaludin сапа инженериясы, интеллектуалды өндіріс және өндірістік технологиялар салаларында ғылыми зерттеулер жүргізеді. Оның ғылыми қызығушылықтары өнеркәсіпте жасанды интеллектіні қолдануды, ұнтақты металлургияны, материалдарды өңдеу технологияларын, үнемді өндіріс тұжырымдамасын және өндірістік үдерістерді оңтайландыруды қамтиды. Ғылыми жұмыстарында профессор өндірістік жүйелердің тиімділігі мен сенімділігін арттыру мақсатында статистикалық әдістерді, Тагути әдіснамасын және машиналық оқыту алгоритмдерін қолданады.

Сапар аясында профессор «Технологиялық жабдықтар, машина жасау және стандарттау» кафедрасында академиялық жұмыс жүргізіп, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамына дәрістер мен семинарлар өткізуде. Оның тәжірибесі инженерлік білім беру, заманауи өндірістік технологиялар және ғылыми зерттеулер салаларында кәсіби білім мен халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Малайзия технологиялық университетімен ынтымақтастық халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға, бірлескен ғылыми бастамаларды дамытуға және білім беру мен ғылыми-зерттеу қызметіне озық технологиялық шешімдерді енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан әрі дамытуға, ғылыми-білім беру саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге және инженерлік білім беруді жетілдіруге, ғылыми зерттеулерді қолдауға әрі университеттердің халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделілік білдірді.

Без рубрики