Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Отандық ғылымның айтулы мерейтойына мемлекет және қоғам қайраткерлері, еліміздің және шетелдің белгілі ғалымдары, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары, халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
1946 жылы қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың басшылығымен құрылған Ғылым академиясы – еліміздің ғылыми тарихында айрықша орны бар іргелі мекеме. Сексен жыл ішінде оның қабырғасында бірнеше буын ғалымдар тәрбиеленіп, қазақстандық ғылымның дамуына негіз болған ғылыми мектептер қалыптасты.
Салтанатты жиынды Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Мерейтой барысында Академияның тарихи жетістіктері сараланып, отандық ғылымның болашақ даму бағыттары, жасанды интеллектіні ғылыми зерттеулерге енгізу, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту мәселелері талқыланды.
Мерейтойлық іс-шара аясында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры, экономика ғылымдарының докторы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Сагинтаева Сауле Саветовна Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапатталды.
Бұл марапаттың университет басшысы үшін орны ерекше. Өйткені оның ғалым ретінде қалыптасу жолы Қазақстан Ғылым академиясының тарихымен тікелей байланысты.
Сауле Сагинтаева ғылыми еңбек жолының маңызды он жылын Қазақ КСР Ғылым академиясының Математика және механика институты жанындағы Математикалық талдау зертханасында өткізген. Аталған зертхананы әлемге танымал математик, көрнекті ғалым Мұхтарбай Өтелбайұлы Өтелбаев басқарған.
Осы ғылыми ортада ол зерттеулер жүргізіп, белгілі математик Рысқұл Ойнарұлы Ойнаровтың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алған.
Ректор өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында ғылымға жол ашқан ұстаздарын ерекше құрметпен еске алып, мерейтойлық марапаттың өзі үшін қаншалықты қымбат екенін жеткізді:
«Мен Ғылым академиясы жүйесінде, нақтырақ айтқанда, Қазақ КСР Ғылым академиясының Математика және механика институты жанындағы Математикалық талдау зертханасында 10 жыл жұмыс істедім. Бұл зертхананы әлемге әйгілі ғалым Мұхтарбай Өтелбайұлы Өтелбаев басқарды. Сондай-ақ, мен сол жерде көрнекті математик Рысқұл Ойнарұлы Ойнаровтың ғылыми жетекшілігімен физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациямды қорғадым.
Сол себепті, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына орай бүгін маған табысталған медальдің мен үшін маңызы өте зор!»
Бұл тарихи мерейтойдың Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті үшін де мәні зор. Университеттің негізін қалаушы, академик Әбілқас Сағынов отандық инженерлік ғылымның дамуына, ғылыми мектептердің қалыптасуына және өндіріс үшін жоғары білікті мамандар даярлауға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлға.
Бүгінде университет осы ғылыми дәстүрлерді жалғастырып, Сауле Сагинтаеваның басшылығымен инженерлік білім мен ғылымның өзара байланысын нығайтуға, жаңа технологияларды дамытуға, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізуге және жас ғалымдардың әлеуетін арттыруға басымдық беріп келеді.
Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығы – қазақ ғылымының бай тарихын, ұрпақтар сабақтастығын және ғылыми мектептердің өміршеңдігін айғақтайтын маңызды белес. Ал осы мерейтой аясында университет ректорының марапатталуы – оның ғылым жолындағы көпжылдық еңбегімен тығыз байланысты ерекше оқиға.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ұжымы Ұлттық ғылым академиясын, академиктерді, ғылым ардагерлерін және барша ғылыми қауымдастықты 80 жылдық мерейтойымен құттықтайды!
Қазақ ғылымының мерейі үстем болып, ғалымдарымыздың жаңа жетістіктері еліміздің өркендеуіне қызмет ете берсін!