АСТАНАДА ЖОҒАРЫ БІЛІМНІҢ ЦИФРЛЫҚ БОЛАШАҒЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ


Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығы Жалпы жиналысының көшпелі отырысында жасанды интеллект технологияларының университеттерді дамытудағы рөлі мен жоғары білім беру жүйесіндегі өзгерістер талқыланды.

Алқалы жиынға Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Сагинтаева Сауле Саветовна және Басқарма мүшесі, әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректор Абай Қобыландыұлы Қалықов қатысты.

Жиынның басты тақырыбы – жасанды интеллект технологияларын жоғары білім беру жүйесіне енгізу және олардың университеттердің қызметіне ықпалы. Қатысушылар инженерлік кадрларды экономиканың нақты қажеттіліктеріне сай даярлау, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру және білім беру үдерісін жетілдіру мәселелеріне назар аударды.

Сонымен қатар жасанды интеллект дәуіріндегі оқытушы мен студенттің рөлі, білім нәтижелерін әділ бағалау, ғылыми зерттеулердің шынайылығы, академиялық адалдық және деректер қауіпсіздігі мәселелері талқыланды.

Бүгінде техникалық университеттердің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – ғылыми ізденістерді өндірістің нақты сұранысымен ұштастыру. Осы тұрғыда Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті үшін жасанды интеллект инженерлік шешімдерді жетілдіруге, зерттеулердің тиімділігін арттыруға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін маңызды құрал.

Жиын жоғары білім саласындағы технологиялық өзгерістерді жан-жақты саралап, университеттердің болашақ даму бағыттары жөнінде тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

 

Без рубрики