Құрылыс саласының маманы болу үшін теориялық біліммен қатар тәжірибенің де маңызы зор. Осы мақсатта Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің сәулет-құрылыс факультетінің студенттері салынып жатқан тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында тәжірибелік сабақ өткізді.
Сәулет-құрылыс факультетінің деканы Данияр Токанович Токановтың ұйымдастыруымен өткен тәжірибелік сабақ барысында студенттер тұрғын үй құрылысының негізгі кезеңдерімен, қолданылатын технологиялармен және инженерлік шешімдермен танысты.
Болашақ сәулетшілер мен құрылыс инженерлері құрылыс жұмыстарының жүргізілу тәртібін бақылап, сапаны қадағалау, құрылыс нормаларын сақтау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.
Мұндай тәжірибелік сабақтар студенттерге аудиторияда алған білімін нақты өндірістік үдерістермен ұштастыруға, болашақ мамандығының ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Университет студенттердің кәсіби дағдыларын дамытуға және оларды еңбек нарығының талаптарына сай даярлауға бағытталған тәжірибелік оқыту мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастыруда.