ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРЛЕРІ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРДЫ


28 қыркүйек пен 9 қазан аралығында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Үздіксіз білім беру институтында «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ электр станциясының инженерлеріне арналған біліктілікті арттыру курстары өтті.

Оқытуды Өндірістік процестерді автоматтандыру кафедрасы ұйымдастырды. Курсты кафедраның аға оқытушысы Құралай Тохметова жүргізді. Бағдарлама өндірістік процестерді автоматты басқаруға арналған Siemens S7-1200 құрылғыларымен жұмыс істеудің бастапқы және тереңдетілген деңгейлерін қамтыды.

Оқу барысында қатысушылар TIA Portal бағдарламасы арқылы өндірістік жабдықтарды басқару, HMI панельдеріне арналған басқару сызбаларын әзірлеу және автоматтандыру жүйелерінің жұмысын реттеу бойынша кәсіби білімдері мен практикалық дағдыларын жетілдірді.

Курстың практикалық бөлімі «АСЭП» ЖШС базасында өтті. Инженерлер заманауи автоматтандыру құралдарымен жұмыс істеп, теориялық білімдерін нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағытталған тәжірибемен ұштастырды.

Без рубрики