Отандық тау-кен ғылымы мен маркшейдерлік істің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор Фарит Камалович Низаметдинов 75 жасқа толды.
Фарит Камаловичтің есімі Қазақстандағы тау-кен ғылымының, маркшейдерлік іс пен геодезия саласының дамуымен тығыз байланысты. Ол – Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының және Қазақстан Республикасының Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан маркшейдерлер одағының президенті, Халықаралық маркшейдерлер қоғамы (ISM) Президиумының мүшесі.
Көпжылдық ғылыми-педагогикалық қызметінде Фарит Камалович ғылым мен өндірістің, білім мен тәжірибенің өзара байланысын нығайтуға, жоғары білікті инженерлік кадрлар даярлауға және отандық маркшейдерлік ғылымның әлеуетін арттыруға айрықша үлес қосты.
Ғалым 200-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің авторы. Олардың қатарында монографиялар, оқулықтар, өнертабыстар және жоғары рейтингті ғылыми басылымдарда жарияланған мақалалар бар. Оның ғылыми ізденістері тау-кен саласының дамуына, заманауи технологияларды енгізуге және ғылыми білімді өндірістік тәжірибемен ұштастыруға бағытталған.
Фарит Камаловичтің ғылыми-педагогикалық қызметіндегі маңызды жетістіктердің бірі – университет базасында заманауи цифрлық технологиялармен жабдықталған Геосканерлеу орталығының құрылуы. Бұл бастама білім беру, ғылыми зерттеу және өндірістік тәжірибе арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.
Профессордың белсенді қызметінің нәтижесінде Қазақстанның жетекші тау-кен кәсіпорындарымен және шетелдік жоғары оқу орындарымен ғылыми-білім беру байланыстары кеңейіп, жаңа деңгейге көтерілді. Атап айтқанда, Leica Geosystems компаниясымен, сондай-ақ Германия, Чехия, Ресей және Өзбекстанның жетекші техникалық университеттерімен ынтымақтастық орнатылып, ғылым, білім және өндіріс салаларындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылды.
2011 жылдан бері Фарит Камалович Қазақстанда маркшейдерлердің съездері мен халықаралық форумдарын ұйымдастыруға белсенді атсалысып келеді. Оның Қазақстан маркшейдерлерінің кәсіби бірлестігін нығайтуға, сала мамандарының басын қосуға және отандық кәсіби қоғамдастықтың халықаралық маркшейдерлік қозғалысқа қосылуына қосқан үлесі ерекше.
Ғалымның отандық ғылым мен білім саласындағы көпжылдық жемісті еңбегі жоғары бағаланды. Ол Қазақстанның Тау-кен ғылымдары академиясының «Тау-кен саласының батыры» құрмет белгісімен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «ҚР ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісімен және басқа да марапаттармен наградталған. Сонымен қатар екі мәрте «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағына ие болуы – оның кәсіби шеберлігі мен педагогикалық еңбегінің жоғары бағаланғанының айқын дәлелі.
Фарит Камалович – ғылым жолында табанды еңбек етіп қана қоймай, өзіндік ғылыми мектебін қалыптастырған, білім мен тәжірибесін жас ұрпаққа арнап келе жатқан көрнекті ұстаз. Оның ғылыми мұрасы, кәсіби жетістіктері мен көпжылдық тәжірибесі болашақ инженерлер мен жас зерттеушілер үшін өнеге болып қала бермек.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ұжымы Фарит Камалович Низаметдиновті 75 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтайды!
Құрметті Фарит Камалович! Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық амандық, шығармашылық шабыт және жаңа ғылыми жетістіктер тілейміз! Ғылым мен білім жолындағы қажырлы еңбегіңіз, бай тәжірибеңіз бен кәсіби мұраңыз келешек ұрпаққа үлгі болып, отандық ғылымның дамуына қызмет ете берсін!