29 қыркүйекте Saginov Technical University-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен студенттерге арналған ақпараттық кездесу өтті.
Іс-шара «Мемлекеттік секторға таланттарды іздеу және тарту» жобасы аясында ұйымдастырылды. Кездесу барысында 2027 жылы оқуын аяқтайтын студенттерге мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі, конкурс рәсімдері, үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар және мемлекеттік сектордағы кәсіби мүмкіндіктер туралы ақпарат берілді.
Сондай-ақ қатысушыларға жоба аясында құрылған «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің» жұмысы таныстырылды. Студенттер мемлекеттік қызметке орналасу жолдары мен мансаптық мүмкіндіктерге қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды.
Кездесуге ақпараттық қауіпсіздік, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, сәулет, көлік құрылысы, құрылыс және басқа да білім беру бағдарламалары бойынша оқитын студенттер қатысты.