24 қыркүйекте Saginov Technical University-де Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Бірінші курс студенті – 2026» факультетаралық спартакиадасы басталды.
Университет табалдырығын биыл аттаған жастар енді тек аудиторияда ғана емес, спорт алаңында да өз шеберліктерін сынауда. Спартакиада бағдарламасына футзал, волейбол, үстел теннисі, күштік үшсайыс, мас-рестлинг, қазақ күресі, шахмат және тоғызқұмалақ енгізілген.
Бір айдан астам уақытқа жалғасатын жарыс бірінші курс студенттерінің университет өміріне бейімделуіне, факультеттер арасындағы байланысты нығайтуға және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
Спартакиада барысында қатысушылар жеке шеберлігімен қатар, командалық бірлік пен жеңіске деген жігерін де танытады. Жарыстар 31 қазанға дейін жалғасады.
Іс-шараны университеттің Дене тәрбиесі кафедрасы мен Жастар саясаты департаментінің «Жас Орда» жастар қауымдастығы ұйымдастыруда.