Оңтүстік өңірлердегі жаздың ыстық болуы көкөніс, жеміс-жидек және бақша дақылдарының ерте пісуіне қолайлы жағдай жасайды. Күн жылына бастағаннан-ақ сауда орындарының сөрелерінде ерте піскен өнімдер пайда болады. Алайда көптен күткен мұндай ерте өнімдердің адам денсаулығына жасырын қауіп төндіруі мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Кей жағдайларда оларды тұтыну ауыр зардаптарға әкелуі ықтимал.
Жаз мезгілінде ерте піскен көкөністерден, жемістер мен жидектерден улану жағдайларының ішінде қарбыздан улану жиі кездеседі. Оның бірнеше себебі болуы мүмкін.
Уланудың бірінші тобы бақша дақылдарындағы нитрат мөлшерінің шамадан тыс болуымен байланысты.
Ерте пісетін өнімдердің жетілуін жеделдету үшін оларды көбіне пленка астында өсіріп, азотты тыңайтқыштарды көп мөлшерде қолданады. Мұндай жағдайда қарбыз бен қауын тез өсіп, бірнеше айдың ішінде ірі көлемге жетеді. Алайда осындай қысқа мерзім ішінде өнім тыңайтқыштардан жиналған нитраттардан толық арылып үлгермейді. Соның салдарынан олардың құрамындағы нитрат мөлшері қауіпсіз нормадан бірнеше есе асып кетуі мүмкін.
Қарбыз құрамындағы нитрат мөлшерінің жоғары болуының ықтимал белгілеріне оның түсінің тым қанық қызыл болуы, сарғыш немесе қоңыр түсті талшықтардың кездесуі, қабығына жақын жұмсағының өзгеруі және кесілген бетінің тегіс, «жылтыратылғандай» көрінуі жатады. Ал табиғи піскен қарбыздың кесілген беті әдетте түйіршікті болады.
Үй жағдайында өнімнің сапасын тексерудің кең таралған тәсілдерінің бірі — қарбыз жұмсағын салқын су құйылған стақанға салып, ұсақтау. Егер су жай ғана лайланса, бұл қалыпты жағдай деп есептеледі. Ал су қызғылт немесе қызыл түске боялса, өнім құрамында бөгде заттардың болуы ықтимал деген белгі ретінде қарастырылады. Мұндай жағдайда өнімді тұтынбаған дұрыс.
Улануға себеп болатын тағы бір фактор — бақша дақылдарын дұрыс сақтамау. Қарбыз бен қауын бірнеше апта бойы тікелей күн сәулесінің астында жатса, өнім сапасы төмендеп, денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін.
Нитрат мөлшері жоғары бақша дақылдары әсіресе бір жасқа дейінгі балалар мен бала емізетін аналар үшін қауіпті. Себебі кішкентай балалардың иммундық жүйесі әлі толық қалыптаспаған, ал ішектің шырышты қабаты сыртқы әсерлерге сезімтал келеді.
Уланудың екінші тобы өнімді сатып алу және сақтау кезіндегі санитариялық талаптардың сақталмауымен байланысты.
Кейбір сатып алушылар қарбызды сатып аларда сатушыдан кесіп көрсетуді сұрайды. Алайда мұндай әрекет қауіпсіз емес.
Біріншіден, қарбыз жерде өседі және оны тасымалдау үнемі стерильді жағдайда жүзеге асырыла бермейді. Екіншіден, өнім жинаушылардың, жүк тасушылар мен сатушылардың қолы немесе қарбызды кесуге пайдаланылатын пышақ таза болмауы мүмкін. Үшіншіден, жемістер ашық ауада, кейде тікелей күн сәулесінің астында ұзақ уақыт тұрады.
Зақымдалған немесе кесілген қарбыздан бөлінетін шырын микроорганизмдердің белсенді көбеюіне қолайлы орта қалыптастырады. Бұған жазғы жоғары температура мен кесілген өнімнің тоңазытқышсыз сақталуы қосылса, ішек инфекциясын жұқтыру қаупі артады.
Бақша дақылдарынан уланудың алғашқы белгілері оларды тұтынғаннан кейін бірнеше сағат ішінде пайда болуы мүмкін. Негізгі белгілері кәдімгі тағамнан улану белгілеріне ұқсайды:
— іштің түйіліп ауыруы;
— жүрек айну;
— құсу;
— іш өту;
— дене қызуының көтерілуі;
— бас ауруы;
— құрысу;
— буындардың сырқырауы;
— терідегі аллергиялық реакциялар.
Осындай белгілер байқалған жағдайда дереу дәрігерге жүгіну қажет!
Бақша дақылдарынан уланудың алдын алу үшін мынадай қарапайым ережелерді сақтау ұсынылады:
— қарбыз бен қауынды рұқсат етілмеген сауда орындарынан — көгалдардан, жол жиектерінен, ғимараттардың аркаларынан, қоғамдық көлік аялдамаларынан, тұрғын үйлердің аулаларынан және базар маңындағы белгіленбеген орындардан сатып алмаңыз. Мұндай жерлерде сатылатын өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар болмауы мүмкін;
— санитариялық талаптарға сәйкес бақша дақылдары арнайы рұқсат етілген сауда орындарында — базарларда, азық-түлік дүкендерінде және арнайы жабдықталған сауда орындарында сатылуы тиіс;
— қарбыз бен қауындар арнайы тұғырлар мен сөрелерде сақталуы және өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын тиісті құжаттары болуы қажет;
— сатушылар белгіленген тәртіппен медициналық тексеруден өтіп, тиісті медициналық құжаттары болуы тиіс;
— кесілген немесе бөліктерге бөлініп сатылатын қарбыз бен қауынды сатып алмаңыз;
— тұтынар алдында қарбыз бен қауынды ағынды сумен мұқият жуыңыз;
— кесілген қарбызды немесе қауынды мүмкіндігінше бірден тұтынған жөн. Қалған бөлігін тоңазытқышта бір тәуліктен артық сақтамаңыз;
— балаға қарбыз бермес бұрын өнімді алдымен ересек адамның өзі тұтынып көргені жөн. Бірнеше сағат ішінде қандай да бір жайсыздық немесе улану белгілері байқалмаған жағдайда ғана балаға беруге болады.
Есіңізде болсын: бақша дақылдарын дұрыс таңдау, сақтау және санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау — тағамнан уланудың алдын алудың маңызды шарты.