SAGINOV TECHNICAL UNIVERSITY-ДЕ КОНФУЦИЙ ИНСТИТУТЫНЫҢ КҮНІ ӨТТІ


Saginov Technical University-де өткен Конфуций институтының күні музыка, шығармашылық пен достықты тоғыстырған жарқын мерекеге айналды.  

Іс-шараға университетімізбен көп жылдан бері әріптестік орнатып, бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асырып келе жатқан Қытай Халық Республикасындағы Шихэцзы университетінің өкілдері қатысты. Олардың келуі мерекелік кештің мазмұнын байытып, екі университет арасындағы жыл өткен сайын нығайып келе жатқан достықтың тағы бір көрінісіне айналды.  

Бұл ынтымақтастықтың тарихы 2009 жылдан бастау алады. Дәл сол жылы екі жоғары оқу орны арасында өзара іс-қимыл туралы Меморандумға қол қойылып, үлкен серіктестіктің негізі қаланды. Ал 2012 жылы Конфуций институты ресми түрде ашылып, содан бері қытай тіліне, тарихы мен мәдениетіне қызығушылық танытқан жандарды біріктіретін маңызды орталыққа айналып келеді.  

Мерекелік шараға қатысушыларды университет басшылығы атынан Басқарма мүшесі – цифрландыру жөніндегі проректор Азамат Амиров құттықтады.  

Ол бүгінде қос университетті тек білім беру және мәдени жобалар ғана байланыстырып қоймайтынын атап өтті. Осы жылдар ішінде өзара құрметке, білімге деген ұмтылысқа және екі халықтың бір-бірінің мәдениетіне деген шынайы қызығушылығына негізделген жылы қарым-қатынас қалыптасты. Бұл ретте студенттерге жаңа тілдік, білім беру және мәдени мүмкіндіктер ашып отырған Конфуций институтының орны ерекше.  

Бүгінде әлемнің көптеген елінде Конфуций институттары мен сыныптары жұмыс істейді. Saginov Technical University жанындағы Конфуций институты – Қазақстанда қызмет етіп жатқан осындай орталықтардың бірі. Осындай ауқымды халықаралық кеңістіктің бір бөлігі болу – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік.  

…Ал осы сәтте университеттің акт залының сахнасы ерекше бір әлемге айналды.  

Бір нөмір екіншісін алмастырып, әрбір қойылым көрерменді Қазақстан мен Қытай мәдениетінің сан қырлы әлеміне жетеледі.  

Көрермендер «Алақанда жұдырық, қозғалыстағы ерік» атты серпінді биді, желпуіштермен орындалған әсерлі қойылымдарды, айбынды барабандар үнін және қытай айдаһары бейнеленген жарқын нөмірді зор ықыласпен қарсы алды.  

Музыкалық эстафетаны студенттер жалғастырды. Конфуций институтының шығармашылық ұжымдары, «Шамшырақ» клубы мен «Жас Орда» жастар қауымдастығының белсенділері көрерменге өз өнерлерін тарту етті.  

Сахна төрінде қазақ және қытай тілдеріндегі әндер шырқалды. Осындай сәттерде өнердің аударманы қажет етпейтініне тағы бір мәрте көз жеткізесің. Әуен, қимыл мен шынайы эмоция қай тілде сөйлесең де, жүрекке бірдей жетеді.  

Көрермендер Конфуций институтының суретшісі Азамат Жанболатовичтің өнерін де жылы қабылдады. Оның шығармашылығы мерекелік кештің мазмұнын толықтырған тағы бір жарқын бояуға айналды.  

Әр қойылымнан кейінгі ду қол шапалақ, көрермендердің жүзіндегі күлкі, сахнадағы өнерпаздардың шынайы эмоциясы…  

Мәдени диалогтың шын мәні осындай сәттерде ашылатын тәрізді. Өзге елді тану кейде оқулықтан емес, әннен, биден, тірі қарым-қатынастан және бір-біріңді түсінуге деген ықыластан басталады.  

Мерекелік кеш аяқталғанымен, кездесулер жалғаса береді.  

Жаңа оқу жылы енді ғана қарқын алып келеді. Ал алда – жаңа бірлескен жобалар, шығармашылық шаралар, таныстықтар мен тың бастамалар.  

Saginov Technical University мен Шихэцзы университеті арасындағы көпжылдық достық та өз жалғасын жаңа буын студенттерінен тауып отыр. Олар бір-бірінің тілін үйреніп, қос елдің дәстүрі мен мәдениетін танып, білім мен өнер арқылы ортақ әлемге бірге қадам басып келеді.  

Без рубрики