Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында ғылым, жоғары білім, технологиялар және халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелеріне арналған Science Summit 2026 өтті. Жаһандық алаң мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін, ғылыми және академиялық қауымдастықты, сарапшылар мен технологиялық сектор өкілдерін біріктірді.
Қазақстан делегациясын Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, профессор Сауле Сагинтаева басқарды. Нью-Йорктегі халықаралық алаңда Сауле Саветовна Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігін таныстырып, еліміздің жоғары білім мен ғылым саласындағы ұстанымын халықаралық деңгейде жеткізді.
21 қыркүйекте саммит бағдарламасы аясында «Science Diplomacy and Global Cooperation» – «Ғылыми дипломатия және жаһандық ынтымақтастық» тақырыбындағы жоғары деңгейдегі диалог өтті. Оны ICESCO, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі және Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті бірлесіп ұйымдастырды.
Жоғары деңгейдегі сессияны ICESCO-ның Ғылым және қоршаған орта секторының басшысы, доктор Қуаныш Ерғалиев модерациялады. Пікірталас барысында ғылыми дипломатияның халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы рөлі, жасанды интеллект пен жаңа технологиялар, ғылыми және технологиялық әлеуетті нақты қоғамдық және экономикалық нәтижелерге айналдыру мәселелері талқыланды.
Негізгі панель қатысушыларының бірі ретінде Сауле Саветовна «Kazakhstan as a Bridge for Knowledge, Innovation and Cooperation» тақырыбында баяндама жасады. Онда Қазақстанның Еуропа мен Азия тоғысындағы стратегиялық орны, халықаралық академиялық және ғылыми ынтымақтастық, адами капиталды дамыту, жоғары білімді интернационалдандыру және ғылыми зерттеулерді өндірістік міндеттермен ұштастыру мәселелеріне назар аударылды.
Баяндамада ғылыми дипломатия мемлекеттерді білім, зерттеу және технология арқылы байланыстыратын практикалық құрал ретінде қарастырылды. Сонымен қатар ғылыми идеяны нақты технологияға айналдыру үшін өндірістік инфрақұрылым, пилоттық жобалар, инвестициялар, халықаралық сараптама және тұрақты серіктестік қажет екені атап өтілді.
Осы тұрғыда ғылыми дипломатия бірлескен зерттеу топтары мен зертханаларды құруға, жас ғалымдардың мобильдігін кеңейтуге, инженерлерді бірлесіп даярлауға және жаңа технологияларды нақты өндірістік ортада сынауға мүмкіндік беретін маңызды тетік ретінде белгіленді.
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ICESCO арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Құжатқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан Қазақстан делегациясының басшысы Сауле Сагинтаева қол қойды.
Меморандум ғылым, жоғары білім, зерттеу және инновациялар салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен бастамаларды дамытуға және ғылыми дипломатия бағытындағы байланысты институционалдық деңгейде нығайтуға негіз қалады.
Кездесудің маңызды қорытындыларының бірі – New York Joint Statement on Science Diplomacy for Inclusive Global Development құжаты болды. Онда ғылым дипломатиясын мемлекеттер арасындағы сенім мен ынтымақтастықты нығайтатын құрал ретінде дамыту, ғылыми инфрақұрылым мен жаңа технологияларға қолжетімділікті кеңейту және халықаралық ғылыми әріптестікті тереңдету бағыттары айқындалды.
Нью-Йорктегі жұмыс бағдарламасы халықаралық стратегиялық кездесулермен жалғасты. 22 қыркүйекте Strategic Partnership Meeting with the Kazakhstan Higher Education Delegation өтті. CERGE-EI Foundation ұйымдастырған кездесуде ICESCO Бас директоры доктор Салим М. АльМаликтің таныстырылымы өтіп, халықаралық серіктестермен ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.
Қазақстан делегациясын басқару, жоғары деңгейдегі халықаралық панельде еліміздің ғылым мен жоғары білім саласындағы ұстанымын таныстыру және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан ICESCO-мен меморандумға қол қою Сауле Саветовнаның Нью-Йорктегі жұмыс сапарының негізгі бағыттары мен нәтижелерінің бірі болды.
Science Summit 2026 аясындағы жұмыс Қазақстанның халықаралық ғылыми диалогтағы рөлін кеңейтіп, ғылым дипломатиясын нақты серіктестікке, бірлескен зерттеулерге және жаңа технологиялық бастамаларға ұластыруға бағытталды.