2026 жылғы 18 қыркүйекте академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған жастар арасындағы командалық музейлік-зерттеу квесті өтті.
Іс-шара «Тәуелсіздік дәуірінің тарихи-мемориалдық мұрасы және музейлер: XXI ғасыр перспективалары» ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты – жастардың тәуелсіз Қазақстан тарихы туралы білімін тереңдету, тарихи-мәдени мұраға қызығушылығын арттыру, логикалық ойлау мен командалық жұмыс дағдыларын дамыту.
Квестті Тұңғыш Президент музейі, «El Umiti» корпоративтік қоры және академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің тарих факультеті ұйымдастырды.
Қатысушыларға Тұңғыш Президент музейінің директоры Күләйша Ақтаева, «El Umiti» корпоративтік қоры жобасының үйлестірушісі Абылайхан Қайроллаев, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті ректоры аппаратының басшысы Гүлнар Байғожина және тарих факультетінің деканы Жарас Кенжеғали құттықтау сөз арнады.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің намысын Алиаскаров Нурбек, Каледина Наталья, Серикбаев Жантемир, Бейсембеков Эмир (СИБ-26-3), Аубакирова Милана, Григоренко Дмитрий, Рақыш Дамир, Толокин Александр (СИБ-26-4), Миссалимов Алихан (РЭТ-26-2) және Сабетаева Дарина (ОПИ-26-2) қорғады.
Командаға тарих ғылымдарының кандидаты, «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры Даниярова Айнагуль Есимсеитовна және педагогика ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Нурлигенова Зауреш Нуркеновна жетекшілік етті.
Интеллектуалдық сайыс барысында студенттер Тәуелсіз Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен жетістіктеріне қатысты тапсырмаларды орындап, тарихи оқиғаларды саралады, түрлі жағдайларға талдау жасап, командалық шешім қабылдау қабілетін көрсетті.
Сайыс қорытындысында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің командасы үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды. Студенттерге «Жеңімпаз» дипломы табысталып, барлық қатысушылар сертификаттар мен естелік сыйлықтарға ие болды.
Бұл жеңіс студенттердің ел тарихына деген қызығушылығы мен білімін ғана емес, олардың сыни ойлау, деректерді саралау және бірлесіп шешім қабылдау қабілетін де айқын көрсетті.
Университет студенттерін және жетекшілерін жеңістерімен құттықтап, жаңа жетістіктер тілейміз!