17 қыркүйекте Saginov Technical University-де Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында жаңа оқу жылындағы талапкерлерді тарту және білім алушылар контингентін қалыптастыру жұмыстарының нәтижелері мен ғылыми кадрларды даярлау қорытындылары қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Маркетинг және PR департаментінің директоры Нұрлан Айтбаев университеттің имиджін ілгерілету, медиакоммуникацияны дамыту, кәсіптік бағдар беру және талапкерлермен жүргізілген ақпараттық жұмыстың нәтижелерін таныстырды. Қабылдау науқанының негізгі көрсеткіштері жөнінде Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Нұрбол Маликов баяндады.
Жыл ішінде университеттің ақпараттық жұмысы жүйеленіп, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы белсенділігі артты. Әлеуметтік желілердегі жалпы аудитория 22 837 жазылушыға жетіп, Instagram-да соңғы 90 күнде жарияланған контент 7,5 миллионнан астам қаралым жинады.
Сонымен қатар кәсіптік бағдар беру географиясы кеңейіп, талапкерлермен онлайн және офлайн форматтағы байланыс күшейтілді. 2026–2027 оқу жылында университетке 4 086 жаңа білім алушы қабылданды. Бұл нәтиже Қабылдау комиссиясы, факультеттер мен кафедралар, кәсіптік бағдар беру топтары және құрылымдық бөлімшелердің бірлескен жұмысының қорытындысы ретінде атап өтілді.
Ғылыми кеңестің екінші негізгі мәселесі 2025–2026 оқу жылындағы ғылыми кадрларды даярлау қорытындыларына арналды. Басқарма мүшесі – ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Али Мехтиев осы бағытта атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, ғылыми кадрлар даярлау барысына тоқталды.
Баяндама аясында университеттің ғылыми әлеуетін дамытудағы кадр даярлаудың маңызы, осы бағыттағы жұмыс нәтижелері мен алдағы міндеттер қаралды. Ғылыми кеңес мүшелері ұсынылған ақпаратты талқылап, ғылыми кадрларды даярлау жұмысын одан әрі жетілдіруге қатысты пікір алмасты.
Отырыс қорытындысында күн тәртібіндегі екі бағыт бойынша алдағы кезеңге арналған міндеттер белгіленіп, тиісті шешімдер қабылданды.