5–13 қыркүйек аралығында Шымкент қаласында бадминтоннан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Елдің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар бас қосқан дүбірлі додада Қарағанды облысының құрамасы да бақ сынады.
Облыс намысын қорғаған спортшылар қатарында Saginov Technical University-дің Металлургия және машина жасау факультетінің МВ-25-2 тобының студенті Арина Вовк болды. Тартысты бәсекелер барысында шеберлігі мен төзімділігін танытқан Арина чемпионат қорытындысы бойынша III орынға ие болып, қола жүлдегер атанды.
Республикалық деңгейдегі мұндай жарыста жүлдеге қол жеткізу – үздіксіз дайындықтың, табандылық пен спортқа деген адалдықтың нәтижесі. Әр кездесу спортшыдан шапшаңдықпен қатар, салқынқандылықты, дәлдік пен жеңіске деген берік жігерді талап етеді. Арина осы қасиеттерді алаңда көрсете білді.
Оқу мен спортты қатар алып жүрген студентіміздің бұл жетістігі – оның жеке жеңісі ғана емес, Қарағанды облысы мен университетіміз үшін де қуанышты жаңалық.
Арина Вовкты Қазақстан чемпионатындағы жүлделі нәтижесімен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда жолы болып, спорттағы биігі одан әрі асқақтай берсін. Жаңа жеңістер мен жарқын жетістіктер тілейміз!