Бүгін , 15 қыркүйекте Saginov Technical University-де «Бань Мо» институтын құру тұжырымдамасына арналған жұмыс кездесуі өтті. Кездесуге университет басшылығы мен QazTehna компаниясының өкілдері қатысып, Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру және өндірістік ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттарын талқылады.
Жоба білім беру үдерісін нақты өндірістік міндеттермен және тәжірибелік даярлықпен ұштастыруға бағытталған. Институтты Saginov Technical University базасында Цзинань кәсіби колледжі, China-SCO Sci-Tech Innovation Cooperation Center, Цзинань қаласының өнеркәсіп пен білім интеграциясы консорциумы және QazTehna компаниясымен бірлесіп құру ұсынылып отыр.
Кездесу барысында болашақ мамандарды кәсіпорындардың нақты сұранысына сай даярлау, білім беру бағдарламаларын өндірістік технологиялармен байланыстыру, студенттердің практикасын және оқытушылардың тағылымдамасын ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жобаның бастапқы кезеңіндегі басым бағыттар қатарында автомобиль көлігін пайдалану мен жөндеу, диагностика және техникалық қызмет көрсету, көлік технологиялары, интеллектуалды өндіріс, мехатроника, электромеханика және ақпараттық технологиялар бар.
QazTehna жобаның индустриялық серіктесі ретінде кадрларға қажетті құзыреттерді айқындауға, оқу және практикалық модульдерді әзірлеуге, студенттердің өндірістік даярлығын ұйымдастыруға және компания мамандарын білім беру үдерісіне тартуға қатысады. Бұл тәсіл «оқу – практика – іріктеу – жұмысқа орналасу» тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жобаның түпкі мақсаты – университет, өндіріс және халықаралық білім беру серіктестері арасындағы тұрақты байланысты қалыптастырып, инженерлік кадрларды заманауи өндірістің нақты талаптарына сай даярлау.