SAGINOV TECHNICAL UNIVERSITY ҒАЛЫМДАРЫ НҰРҚАЗҒАН КЕНІШІНДЕГІ ӨНДІРІСТІК ҮДЕРІСТЕРМЕН ТАНЫСТЫ


11 қыркүйекте Saginov Technical University өкілдері университет пен «Қазақмыс» ЖШС арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында Нұрқазған кенішіндегі өндірістік нысанда болды.

Университет делегациясы құрамында Үздіксіз білім беру институтының басшысы, өнеркәсіппен интеграция жөніндегі кеңесші Нұрлан Бағдатұлы Алтынбеков, «Құрылыс материалдары және технологиялары» кафедрасының меңгерушісі, PhD Еділ Құттыбайұлы Иманов және докторант Әлия Мейрамқызы Тайшикова болды.

Сапар барысында университет өкілдері Г.О. Омаров атындағы шахта үңгілеу тресінің үңгілеу учаскесінде болып, жерасты тау-кен жұмыстарының ерекшеліктерімен танысты. Мамандар бұрғылау, тау-кен қазбаларын бекіту және бұрғылау-жару жұмыстарына дайындық үдерістері туралы тәжірибелік ақпаратпен бөлісті.

Өндіріс алаңына барудың докторант Әлия Тайшикованың «Тау-кен өндіру саласына арналған жаңа буын тығындама құрамын алу технологиясын әзірлеу» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жұмысы үшін маңызы ерекше. Нақты өндірістік жағдаймен танысу қолданылатын технологиялар мен материалдарға, сондай-ақ тығындама құрамдарына қойылатын талаптарға қатысты қажетті тәжірибелік деректерді жинауға мүмкіндік береді.

Университет қызметкерлерін өндіріс орнында КШПУ-дың бұрғылау-жару жұмыстары жөніндегі жетекші инженері Ғабиден Жанабайұлы Сүтемген және Г.О. Омаров атындағы ШҮТ КШПУ ГКУ-27 бастығының міндетін атқарушы, ПҚК кафедрасының PhD докторы Берікбол Мұратұлы алып жүрді.

Айта кетейік, Г.О. Омаров атындағы шахта үңгілеу тресін Saginov Technical University түлегі Қайрат Ұзақұлы Керімқұлов басқарады. СПС-85 тобының түлегі бүгінде тау-кен өндірісі саласында еңбек етіп, университетте алған білімін өндірістік тәжірибемен ұштастырып келеді.

Мұндай кездесулер университет пен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, ғылыми ізденістерді нақты өндірістік міндеттерге бағыттауға мүмкіндік береді. Нұрқазған кенішінде алынған тәжірибелік мәліметтер Қазақстанның тау-кен саласына арналған жаңа буын жылдам қататын тығындама құрамын әзірлеу бойынша алдағы ғылыми және эксперименттік жұмыстарда пайдаланылмақ.

Без рубрики