SAGINOV TECHNICAL UNIVERSITY FULBRIGHT БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДАҒЫ АКАДЕМИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУДЕ


10 қыркүйекте Saginov Technical University-де АҚШ Елшілігі мен Fulbright бағдарламасының өкілдерімен кездесу өтті. Тараптар университетте Fulbright бағдарламасын іске асыру, студенттердің ағылшын тілін меңгеру мүмкіндіктерін кеңейту және халықаралық академиялық байланысты одан әрі дамыту бағыттарын талқылады.

Кездесуге АҚШ Елшілігінің мәдениет және білім мәселелері жөніндегі атташесі Элизабет Мейер, Fulbright бағдарламасы бойынша ағылшын тілінен ассистент-оқытушы София Кункел және АҚШ Елшілігінің қоғаммен байланыс бөлімінің қызметкері, Fulbright бағдарламасының өкілі Айнұр Сембаева қатысты.

Университет тарапынан Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Тимур Канапьянов, Басқарма мүшесі – ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Али Мехтиев, Басқарма мүшесі – әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Абай Қалықов, Басқарма мүшесі – цифрландыру жөніндегі проректор Азамат Амиров, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Сабина Рахимбаева, факультет декандары мен «Шет тілдері» кафедрасының оқытушылары қатысты.

Тимур Канапьянов қонақтарды Saginov Technical University-дің негізгі бағыттарымен таныстырып, университеттің инженерлік-техникалық кадр даярлаудағы орны, өндіріс орындарымен байланысы, халықаралық серіктестері, академиялық ұтқырлық бағдарламалары және шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалары туралы айтты.

Кездесу барысында университет жайлы ақпараттық бейнеролик те көрсетілді. Қонақтар білім беру мен ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттары, оқу және зертханалық инфрақұрылым, студенттерге жасалған мүмкіндіктер мен халықаралық қызмет туралы кеңірек мағлұмат алды.

Әңгіме барысында Fulbright English Teaching Assistant бағдарламасына ерекше назар аударылды. Fulbright U.S. Student Program грантының иегері София Кункел Қазақстанда 10 ай болып, 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы маусымға дейін Saginov Technical University-де қызмет етеді. ETA бағдарламасы аясында ол аптасына 16 сағатқа дейін ағылшын тілін оқытуға және білім беру бастамаларына қатысады.

София Кункелдің университеттегі жұмысы студенттер үшін ағылшын тілін күнделікті академиялық ортада қолдануға, тілдік дағдыларын жетілдіруге және шетелдік маманмен тікелей қарым-қатынас жасауға қосымша мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл тәжірибе студенттердің өзге мәдениет пен халықаралық білім беру тәсілдері туралы түсінігін кеңейтуге ықпал етеді.

АҚШ Елшілігі мен Fulbright бағдарламасының өкілдері университеттің білім беру әлеуеті мен халықаралық байланыстарды дамытуға бағытталған жұмысына қызығушылық танытты. Таныстырылым мен пікір алмасудан кейін тараптар ынтымақтастықты жалғастырып, жаңа бірлескен бастамаларды қарастыруға дайын екенін білдірді.

Жалпы кездесуден кейін халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне арналған жеке жұмыс талқылауы өтті. Одан соң Fulbright өкілдері «Шет тілдері» кафедрасының оқытушыларымен жүздесіп, София Кункелдің алдағы жұмыс форматын, студенттер және оқытушылармен өзара байланысын, сондай-ақ университеттегі ағылшын тілді ортаны дамытуға бағытталған ықтимал бастамаларды талқылады.

Бұл кездесу Saginov Technical University-де Fulbright бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыруға және АҚШ Елшілігімен академиялық әрі мәдени байланысты кеңейтуге бағытталған тағы бір маңызды қадам болды. Алдағы уақытта мұндай серіктестік студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, бірлескен білім беру жобаларының аясын кеңейтуге негіз болмақ.

Без рубрики