2026 жылғы қабылдау науқанының қорытындысы талқыланды
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде 2026 жылғы қабылдау науқанының қорытындысына арналған жұмыс жиыны өтті.
Жиынға Басқарма Төрағасы – Ректор Сагинтаева Сауле Саветовна, Басқарма мүшесі – Әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректор Калыков Абай Кобландиевич, Қабылдау комиссиясының мүшелері, іссапарға барған қызметкерлер, Маркетинг және PR департаментінің өкілдері қатысты.
Қабылдау науқаны кезінде мобильді қабылдау комиссиялары «Серпін» бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірлерде, сондай-ақ батыс өңірлеріне арналған квота аясында Маңғыстау облысында жұмыс жүргізді. Сонымен қатар университетте техникалық хатшылар талапкерлердің құжаттарын қабылдау және кеңес беру жұмыстарын атқарды.
Кездесу барысында биылғы қабылдау науқанының қорытындылары талқыланып, талапкерлерді қабылдау бойынша атқарылған жұмыстар сараланды. Сондай-ақ өңірлерде ұйымдастырылған мобильді қабылдау комиссияларының жұмысы, талапкерлермен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижелері және қабылдау науқанын ұйымдастыру барысындағы тиімді тәсілдер қарастырылды.
Сонымен қатар келесі жылғы қабылдау науқанына дайындық мәселелері талқыланып, оны ұйымдастыруды одан әрі жетілдіруге бағытталған міндеттер айқындалды. Талапкерлермен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, өңірлердегі кәсіби бағдар беру ісін жандандыру және қабылдау процесінің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар айтылды.
Кездесу соңында Басқарма Төрағасы – Ректор Сагинтаева Сауле Саветовна қабылдау науқанына белсенді қатысып, оның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан мамандарға өз алғысын білдірді.








