«Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!» — деп Қадыр Мырза Әлі айтқандай, ана тіліне деген құрмет – әр адамның өз ұлтына, тарихына, мәдениеті мен рухани тамырына деген құрметінің айқын көрінісі. 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні – еліміздегі тілдік әралуандықты дәріптеп, мемлекеттік тілдің мәртебесін айшықтайтын маңызды мереке.
Бұл күннің тарихы ел тәуелсіздігіне дейінгі кезеңнен бастау алады. 1989 жылғы 22 қыркүйекте «Қазақ КСР-індегі тілдер туралы» заң қабылданып, қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Бұл – ана тіліміздің қоғамдық өмірдегі орнын айқындаған тарихи шешімдердің бірі болды.
Кейін Қазақстанда түрлі этнос өкілдерінің тілдері мен мәдениетін құрметтеу, қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайту мақсатында Қазақстан халқы тілдері күні белгіленді. Ал 2017 жылдан бастап мереке 5 қыркүйекте – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде аталып өтеді.
Бұл таңдаудың өзіндік мәні бар. Ахмет Байтұрсынұлы саналы ғұмырын қазақ халқының білімі мен руханиятына, ана тілінің дамуына арнады. Ол қазақ тіл білімінің ғылыми негізін қалыптастырып, әліпби мен емле жүйесін жетілдірді, оқу-ағарту саласына өлшеусіз үлес қосты. Оның еңбектері қазақ тілінің ғылым тілі ретінде қалыптасуына жол ашып, ұлттық жазу мәдениетінің дамуына берік негіз қалады.
Бүгінде тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, халықтың тарихи жады мен ұлттық болмысын сақтайтын рухани құндылық. Қазақстандағы әрбір тіл еліміздің мәдени байлығының бір бөлшегі болса, қазақ тілі – мемлекеттілігіміздің, ұлттық бірегейлігіміз бен рухани тұтастығымыздың басты тіректерінің бірі.
Өзге тілдерді меңгеру – білім мен жаңа мүмкіндіктерге бастар жол, ал ана тілін ардақтау – өз тамырыңды, тарихыңды және болмысыңды құрметтеу.
Баршаңызды Қазақстан халқы тілдері күнімен құттықтаймыз! Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі артып, қолданыс аясы кеңейе берсін. Еліміздегі тілдер мен мәдениеттердің әралуандығы өзара құрмет пен татулықты нығайтып, халқымыздың бірлігіне қызмет ете берсін!