Басқарма Төрағасы – Ректор Сагинтаева Сауле Саветовна студенттік жатақханалардың қазіргі жағдайымен танысып, білім алушыларға жасалған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды зерделеді.
Негізгі мақсат – студенттердің жатақханадағы тұрмыс жағдайын бағалау, олардың ұсыныс-пікірлері мен өзекті мәселелерін тыңдау, сондай-ақ білім алушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жетілдіру.
Ректор жатақхана бөлмелерін, оқу және демалыс орындарын аралап, студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына назар аударды. Жатақханалардағы тазалық, қауіпсіздік, инфрақұрылым және көрсетілетін қызметтердің сапасы бойынша жауапты мамандардың есебін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.
Бүгінде жатақханаға «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға түскен жастар, батыс өңірлерге арналған квота және техникалық квота бойынша университетке қабылданған студенттер, қандас азаматтар, шетелдік студенттер және еліміздің өзге өңірлерінен келген жастар орналасуда.
Ректор жастармен еркін пікір алмасып, олардың білім алуына, әлеуметтік бейімделуіне, жатақханадағы тұрмыс жағдайына және университет өміріне белсенді араласуына қатысты мәселелерді талқылады. Кездесу барысында студенттер өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, оқу және әлеуметтік ортаға қатысты өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
Университет тарапынан Басқарма мүшесі – Әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректор Абай Калыков, Инфрақұрылымды дамыту дирекциясының директоры Гүлназ Мусина, сондай-ақ Маркетинг және PR департаменті мен Жастар саясаты департаментінің мамандары қатысты.
Университет басшылығы білім алушылардың пікірлері мен ұсыныстары назарға алынатынын атап өтіп, жатақханалардағы жағдайды жақсарту және студенттерге қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.








