3 қыркүйек – Қазақы тазы мен төбет күні


3 қыркүйек – Қазақы тазы мен төбет күні

Бүгін Қазақстанда алғаш рет Қазақы тазы мен төбет күні ресми түрде атап өтіледі. Бұл күн – халқымызбен бірге ғасырлар бойы жасасып келе жатқан ұлттық ит тұқымдарын сақтауға, олардың тарихи әрі мәдени маңызын дәріптеуге арналған мереке.

Тазы мен төбет – Ұлы дала тіршілігінің ажырамас бөлігі. Желмен жарысқан тазы аңшылық пен саятшылық мәдениетінде ерекше орын алса, айбарлы төбет мал мен қоныстың сенімді қорғаушысы болған. Олар қазақ халқы үшін жай ғана аңшы немесе күзетші ит емес, көшпенді өмір салтының, тектілік пен адалдықтың нышанына айналған.

Ұлттық тұқымдарды сақтау мен әлемге танытуға мемлекет деңгейінде ерекше мән беріліп келеді. 2024 жылғы 3 қыркүйекте Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақ тазысын алдын ала танылған ит тұқымы ретінде мойындап, Қазақстанды оның шыққан елі ретінде ресми түрде бекітті. Ал 2026 жылдан бастап 3 қыркүйек Үкімет қаулысымен Қазақы тазы мен төбет күні ретінде белгіленді.

Ұлттық мұраны халықаралық деңгейде таныту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Мереке қарсаңында, 2 қыркүйекте Брюссельде «Желден де жүйрік тазы» атты фотокөрме ұйымдастырылып, еуропалық аудиторияға қазақ тазысымен байланысты тарих, дәстүр және ұлттық мәдениет таныстырылды. Бұл бастама төл тұқымымыздың Қазақстаннан тыс жерлерде де кеңінен насихатталып келе жатқанын көрсетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ұлттық мұрамызды халықаралық деңгейде дәріптеудің маңызын атап өткен болатын:

«Құмай тазы – ерекше жануар, қазақтың жеті қазынасының бірі. Біз тазы мен төбет иттерді халықаралық деңгейде кеңірек дәріптеуіміз керек».

Қазақы тазы мен төбет – ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұра. Оларды сақтау, тұқымын таза күйінде көбейту және келер ұрпаққа аманаттау – ұлттық құндылықтарға деген құрметтің айқын көрінісі.

 

 

Без рубрики