Ғалымдарымыздың жаңа еңбегі жарық көрді


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Маркшейдерлік іс және геодезия (МІжГ) кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Кусаинова А.А. Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің География және географияны оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры Мезенцева Ольга Варфоломеевнамен бірлесіп, «Геоэкологиялық зерттеу әдістері» атты оқу құралын жарыққа шығарды.

212 беттен тұратын оқу құралы геоэкологиялық зерттеулердің заманауи әдістеріне арналған. Еңбек Солтүстік Қазақстан аумағында жүргізілген көпжылдық ғылыми зерттеулердің нәтижелері негізінде әзірленген.

Оқу құралында геоэкологияның негізгі ұғымдары мен зерттеу нысандары түсіндіріліп, геоэкологиялық зерттеулерде қолданылатын ғылыми әдістердің негізгі топтары жүйеленген. Авторлар теориялық материалды нақты зерттеу мысалдарымен толықтырып, Жерді қашықтан зондтау әдістеріне, спутниктік түсірілімдерді пайдалануға, сондай-ақ алынған геоэкологиялық ақпаратты өңдеу мен визуализациялауға ерекше назар аударған.

Еңбектің тағы бір ерекшелігі – ұсынылған мысалдардың авторлардың өз ғылыми зерттеулерінен алынған кестелік, графикалық және картографиялық материалдармен толықтырылуы. Бұл оқу құралын теориялық біліммен қатар, практикалық дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды оқу-әдістемелік еңбек ретінде танытады.

Оқу құралы «Сандық аэрофототүсірілім», «Сандық аэрофотогеодезия», «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» мамандықтары бойынша білім алатын бакалавриат, магистратура және докторантура білім алушыларына, сондай-ақ геоэкология және Жер туралы ғылымдар саласында зерттеу жүргізетін ізденушілер мен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған.

Оқу құралы Ресей Федерациясының Білім-ағарту министрлігінің талаптарына сәйкес және Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің редакциялық-баспа кеңесінің шешімімен жарық көрді.

Бұл еңбек – екі университет ғалымдарының ғылыми ынтымақтастығының нәтижесі. Оқу құралы геоэкология саласындағы заманауи зерттеу әдістерін жүйелі түрде ұсынумен қатар, ғылыми ізденістерді білім беру үдерісімен ұштастыруға және болашақ мамандардың кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған маңызды еңбек болып табылады.

Без рубрики