Тоқтар Әубәкіровке Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді


Қарағанды қаласындағы «Космонавт» қонақүйінде қазақ халқының тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерейтойлық жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым мен білім саласының өкілдері, ғарышкердің әріптестері, замандастары мен жақындары қатысты. Кеш барысында Тоқтар Әубәкіровтің Қазақстан тарихындағы айрықша орны, авиация мен ғарыш саласына сіңірген еңбегі және кейінгі ұрпаққа өнеге болған өмір жолы кеңінен сөз болды.

Салтанатты іс-шараның құрметті қонағы болған Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Сауле Сагинтаева мерейтой иесін университет ұжымы атынан құттықтады.

Жиын барысында университет Ғылыми кеңесінің шешімімен Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровке Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Мәртебелі атақты университет ректоры Сауле Сагинтаева табыстады.

Бұл шешім көрнекті сынақшы-ұшқыштың авиация мен ғарыш саласын дамытуға, Қазақстанның ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтуға қосқан тарихи үлесіне, мемлекет алдындағы абыройлы қызметіне және жас ұрпаққа көрсеткен өнегесіне деген университет қауымдастығының зор құрметін білдіреді.

Тоқтар Оңғарбайұлы 1946 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Сынақшы-ұшқыш ретінде күрделі авиациялық техниканы меңгеріп, жоғары кәсібилігімен, батылдығымен және жауапкершілігімен танылды. Ол Кеңес Одағының 72-ші әрі соңғы ғарышкері және ғарышқа көтерілген тұңғыш қазақ ретінде тарихта қалды.

1991 жылы жүзеге асқан ғарыш сапары Қазақстан тарихындағы айтулы оқиғалардың біріне айналды. Бұл жетістік еліміздің ғылыми-техникалық мүмкіндіктерін танытып, жастардың авиацияға, ғарыш саласына, инженерлік білім мен ғылыми зерттеулерге деген қызығушылығын арттырды.

Тоқтар Әубәкіровтің кәсіби ерлігі мен ел алдындағы еңбегі жоғары мемлекеттік марапаттармен атап өтілді. Оған Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы және КСРО-ның еңбек сіңірген сынақшы-ұшқышы атақтары берілді. Тәуелсіздік жылдарында ол мемлекеттік қызмет атқарып, Қазақстанның қорғаныс жүйесі мен ұлттық ғарыш саласының қалыптасуына үлес қосты.

Қарағанды өңірінің тумасы Тоқтар Оңғарбайұлының есімі Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті үшін ерекше мәнге ие. Ол бірнеше рет оқу орнының құрметті қонағы болып, білім алушылармен кездесіп, жастарға өз тәжірибесі мен тағылымды ойларын жеткізді. Университетте оның авиация және ғарыш саласындағы жетістіктерін насихаттауға, студенттердің ғылым мен техникаға қызығушылығын арттыруға бағытталған ғылыми-ағартушылық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Инженерлік кадрлар даярлайтын университет үшін Тоқтар Әубәкіровтің кәсіби жолы терең білімнің, техникалық ойлаудың, тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісі болып саналады. Оның өмірі болашақ инженерлерді, зерттеушілер мен жас ғалымдарды білімге, табанды еңбекке және елге адал қызмет етуге үндейді.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ұжымы Тоқтар Оңғарбайұлын мерейлі 80 жасымен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық пен құт-береке тілейді.

Без рубрики