Saginov Technical University студенттері мен талапкерлері үшін жоғары білім алуға қаржылай қолдау көрсететін тағы бір мүмкіндік ашылмақ. 2026 жылғы 25 шілдеден бастап KAZENERGY қауымдастығы оқу ақысын төлеуге арналған білім беру гранттарына өтінім қабылдауды бастайды.
Бағдарлама Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, «PSA» ЖШС, NCOC N.V., KPO B.V. компаниялары және KAZENERGY қауымдастығы арасында жасалған ынтымақтастық меморандумы аясында жүзеге асырылады. Студенттердің оқу ақысын төлеуге бөлінетін қаражат Солтүстік Каспий және Қарашығанақ жобаларының есебінен қаржыландырылады.
Кімдер қатыса алады?
Байқауға Қазақстан Республикасының азаматтары:
* жоғары оқу орнына түскен талапкерлер;
* бакалавриат бағдарламаларында білім алып жүрген студенттер;
* магистратураға түскен немесе білім алып жүрген азаматтар;
* колледждер мен жоғары колледждердің білім алушылары қатыса алады.
Бағдарламаға Қазақстан аумағында орналасқан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын азаматтар қатысады. Қашықтан, сырттай немесе кешкі оқу нысандарына грант қарастырылмаған.
Талапкерлерге қойылатын негізгі талаптар
Жоғары оқу орнының бірінші курсына түсетін талапкердің 2026 жылы тапсырған ҰБТ сертификаты болуы қажет. Байқауға өтінім берген кезде талапкер 2026 жылы алған ресми ҰБТ сертификаттарының ішіндегі ең жоғары нәтижесін пайдалана алады.
Бакалавриат бағдарламасына жалпы негізде түсетін талапкерлер үшін ҰБТ нәтижесі кемінде 80 балл болуы тиіс.
Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламаларына түсушілер үшін:
* ҰБТ нәтижесі кемінде 15 балл;
* шығармашылық емтихан нәтижесі кемінде 65 балл болуы қажет.
Қысқартылған оқу мерзімін көздейтін бағдарламаларға түсушілер үшін ҰБТ нәтижесі кемінде 40 балл болуы тиіс. Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсушілерден кешенді тестілеу бойынша кемінде 90 балл талап етіледі.
Университет студенттеріне қойылатын академиялық талаптар
Бірінші курсты аяқтаған студенттердің GPA көрсеткіші кемінде 3,0 болуы керек. Екінші немесе үшінші курсты аяқтаған студенттер үшін алдыңғы оқу жылындағы GPA көрсеткіші кемінде 3,33 болуы шарт.
Байқауға қатысатын студенттің университет алдында оқу ақысы бойынша қаржылық берешегі болмауы қажет. Үміткердің оқу орнына қабылданғаны немесе қазіргі уақытта білім алып жүргені ресми құжатпен расталуы тиіс.
Грант нені қамтиды?
KAZENERGY білім беру бағдарламасы жеңімпаздың бір оқу жылына арналған оқу ақысын төлеуге бағытталған.
Грант иегерлеріне оқу аяқталғаннан кейін қаржыландырушы компанияларда міндетті түрде жұмыс істеу талабы қойылмайды. Бұған дейін грант алған студенттер келесі оқу жылына қаржыландыруды жалғастыру үшін байқауға қайтадан өтінім беруі керек.
Өтінім қалай беріледі?
Құжат қабылдау мерзімі:
2026 жылғы 25 шілде мен 31 тамыз аралығы.
Өтінім KAZENERGY-дің арнайы электрондық платформасында онлайн толтырылады. Электрондық өтінімге конкурс талаптарында көрсетілген құжаттардың сканерленген нұсқалары тіркелуі қажет.
Құжаттарды PDF немесе JPEG форматында жүктеу ұсынылады. Өтінім сәтті тіркелгеннен кейін үміткердің электрондық поштасына тиісті хабарлама жіберіледі. Құжаттарды қарау мерзімі өтінім қабылдау аяқталған күннен бастап 25 күнтізбелік күнге дейін созылуы мүмкін.
Өтінім беру платформасы: grant.kazenergy.com
Байланыс телефоны:
+7 (7172) 79-49-75
Электрондық пошта:
[candidate@kazenergy.com](mailto:candidate@kazenergy.com)
Saginov Technical University студенттері мен талапкерлерін байқау талаптарымен алдын ала танысып, қажетті құжаттарды уақытылы дайындауға шақырамыз.
KAZENERGY білім беру гранты – оқу ақысын өтеуге арналған қаржылай қолдау ғана емес, талапты жастардың сапалы білім алып, кәсіби мақсатына сенімді қадам басуына мүмкіндік беретін маңызды бағдарлама.
