10 шілдеде Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Германияның Магдебург қаласындағы Отто фон Герике университетінің өкілдерімен кездесу өтті. Келіссөздердің өзегіне ғылым, технология, инженерия және математика салаларындағы халықаралық байланысты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған Silk Road STEM Corridor бастамасы арқау болды.
Университетке жобаның бастамашысы, Отто фон Герике университетінің оқытушысы әрі халықаралық білім беру және академиялық ұтқырлық жөніндегі кеңесші доктор Мұстафа Чошкун және SRSC бастамасының ғылыми кеңесшісі, жоғары білімді зерттеу мен басқару саласының профессоры, доктор Филипп Поленц арнайы келді.
Кездесуге Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Тимур Канапьянов, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Сабина Рахимбаева, факультет декандары мен университет өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Silk Road STEM Corridor жобасының тұжырымдамасы таныстырылды. Бастама Германия мен Орталық Азияның бес мемлекетінің университеттерін ортақ академиялық кеңістікке біріктіруді көздейді. Оның аясында студенттер мен оқытушылардың ұтқырлығын арттыру, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру және STEM бағыттарындағы халықаралық жобаларды дамыту жоспарланған.
Тараптар Saginov Technical University-дің пилоттық жобаға қатысу мүмкіндігін, Германияның жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестікті кеңейтуді және білім беру нәтижелерін өзара тану тетіктерін талқылады. Сондай-ақ академиялық алмасуларды ұйымдастыру, ортақ білім беру бағдарламаларын әзірлеу және халықаралық білім кеңістігіне тереңірек ықпалдасу мәселелеріне басымдық берілді.
Silk Road STEM Corridor бастамасына қатысу университеттің халықаралық байланысын кеңейтіп қана қоймай, студенттер мен оқытушыларға жаңа академиялық және ғылыми мүмкіндіктер ұсынады. Бұл қадам инженерлік-техникалық білім сапасын арттыруға, халықаралық тәжірибе алмасуға және университеттің жаһандық білім кеңістігіндегі орнын нығайтуға серпін береді.
Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға, нақты бағыттарды бірлесіп пысықтауға және ортақ жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға мүдделі екенін білдірді.