Saginov Technical University-де 2025–2026 оқу жылының қорытынды Ғылыми кеңесі өтті


Университетте 2025–2026 оқу жылындағы соңғы Ғылыми кеңес отырысы өтті.

Отырысты Басқарма Төрағасы – Ректор Сәуле Сагинтаева ашты. Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі 2026 жылғы 1 шілдеден бастап заңды күшіне енетін Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясын түсіндіруге арналды.

Ректор өз сөзінде жаңа Конституцияның ел дамуы үшін маңызына тоқталып, онда бекітілген жаңартылған қағидалар, құқықтық нормалар және ресми терминдер туралы кеңінен түсіндірді. Жаңа Ата заң қоғам мен мемлекеттің даму бағытын айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтетін маңызды құжат екені атап өтілді.
Ғылыми кеңес мүшелеріне Конституцияның жаңа редакциясындағы өзгерістер таныстырылып, оның мазмұнын жан-жақты түсіндіру жұмысы жүргізілді. Әсіресе білім, ғылым, инновация, азаматтық жауапкершілік, заң үстемдігі және қоғамдық келісім сияқты құндылықтардың жаңа құжаттағы орнына назар аударылды.
Ректор жаңа Конституцияның талаптарын түсіну мен оны қоғамға дұрыс жеткізудің жоғары білім беру ұйымдары үшін де маңызды екенін атап өтті. Университет ұжымы елдегі жаңғыру үдерістеріне белсенді атсалысып, студент жастардың құқықтық мәдениетін, азаматтық жауапкершілігін және қоғамдық белсенділігін қалыптастыруға үлес қоса беретіні айтылды.

Отырыста факультеттер мен кафедралардың 2026–2027 оқу жылына дайындығы қаралды. Кешенді тексеру қорытындысы бойынша университеттің жаңа оқу жылына дайындығы жалпы оң бағаланды. Барлық білім беру бағдарламалары оқу-әдістемелік кешендермен толық қамтамасыз етілген, факультет сайттары жаңартылған. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, жаппай ашық онлайн курстар мен цифрлық білім беру ресурстарын дамыту жұмыстары жалғасуда.
Талқылау қорытындысымен кафедралардың дайындығын толық аяқтауға, анықталған ескертулерді жоюға және білім беру үдерісінің сапасын одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар шешімдер қабылданды.

Сонымен бірге 2026 жылғы қаңтар–мамыр айларында қабылданған Ғылыми кеңес шешімдерінің орындалуы қорытындыланды. Алдағы оқу жылына арналған Ғылыми кеңестің жұмыс жоспары бекітілді.

Отырыстың салтанатты бөлімінде университет өкілдері түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің Алғыс хатымен Бекболат Нүсіпбеков пен Мадина Кожухова штат саны нормативтерінің жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына белсенді қатысып, құжаттың сапалы дайындалуына үлес қосқаны үшін марапатталды.
Куралай Сагадиева мен Гульмира Сагатова тіл саясатын дамытуға, мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуге және тілдерді дамыту саласын жетілдіруге белсенді атсалысқаны үшін «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен және куәліктермен марапатталды.
Нұрбибі Смағұлова кітап оқу мәдениетін дамытуға және «Кітап оқитын ұлт» бастамасын қолдауға қосқан үлесі үшін Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Дене тәрбиесі кафедрасы мен оқытушы Руслан Сәденовке студенттер мен балалар арасында өткен халықаралық AGT & KMWF ATLANTS мас-рестлинг турнирін жоғары деңгейде ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін Ұйымдастыру комитетінің естелік кубогы табысталды.

Инновациялық технологиялар колледжінің студенті Данил Рогожкин мен оның жетекшісі Ләйлә Кулейменова техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері арасында өткен орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша облыстық олимпиадада І орын иеленгені үшін І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Қорытынды Ғылыми кеңес Конституцияның жаңа редакциясын түсіндіру, оқу жылының нәтижесін саралау және университеттің алдағы даму бағыттарын айқындау тұрғысынан маңызды алаң болды.

Без рубрики